Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АҚПАРАТТЫҚ ХАТ


2024 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы ҒЖБМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-імен, ҚР Мемлекеттік Орталық музейімен бірлесіп «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының қатысуымен қазақтың ірі атақты этнолог-ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Арғынбаев Халел Арғынбайұлының 100 жылдығына арналған «V Арғынбаев оқулары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.

Конференцияның мақсаты – этнограф Халел Арғынбаевтың ХХ ғасырдың 2-жартысында Қазақстандағы академиялық ғылымның дамуына қосқан ерекше үлесін талқылау, «қазақ этнографиялық мектебінің» негізін қалаған көрнекті ғалымның жетістіктерін көрсету, отандық этнология мен сабақтас пәндердің бүгінгі жағдайы мен болашақтағы дамуын талқылап, әріптестерімен және шәкірттерімен ғалым туралы естеліктермен алмасу.

Халел Арғынбаев – соғыстан кейінгі кезеңнің ірі академик этнографы, 1970–1990 жылдардың басы аралығындағы қазақ этнологтарының танымал көшбасшысы, тарих ғылымдарының докторы (1977), профессор (1982); Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімінің меңгерушісі (1976–1989).

Ғалым отандық этнограф аға буындардың ішіндегі көрнекті өкілі, жаратылысы ерекше,  күрделі тағдыр иесі болған. 1924 жылы 21 қыркүйекте Павлодар облысының Баянауыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. 1931–35 жж. Қазақстандағы ашаршылық кезінде бірнеше жыл алдымен Кузбасста, кейін Петропавл-Камчаткада жұмысшы болып істеуге мәжбүр болды. Содан кейін отбасы Жетісуға оралды, мұнда Халел Арғынбаев 1939 жылы Қапал ауданында сегіз жылдық мектепті бітірді. Білімін әрі қарай Қапал педагогикалық училищесінде жалғастырды. ІІ-дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты 1942–1943 жж. Ташкенттегі Орта Азия әскери округінің қысқа мерзімді радиотелеграф курстарында оқыды. 1943 жылдың көктемінде курстарды аяқтағаннан кейін 18 жасар радист Халел Арғынбаев Воронеж майданының 10-шы артиллериялық дивизиясы штабының қарамағына жіберілді. 1943 жылдың 24 сәуірінде 27-ші артиллериялық бригада штабына жіберіліп, соғыс аяқталғанға дейін 2-ші және 3-ші Украин майдандары құрамында радист болып қызмет етті. Жауынгерлік наградалары: «Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі, «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» естелік медалі және т.б. 

Соғыс біткен соң 1946 жылдың мамырына дейін – Карпат әскери округі штабтарының бірінде аға радист; 1946 жылдың мамырынан – Балтық әскери округінің Чортков қ. 135 артиллериялық бригадасы радистерінің командирі. Әскерден 1947 жылы 1 наурызда босатылған.

1947–1951 жж. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып, үздік бітірді. 1951 жылдың тамыз айында Панфилов қаласындағы (Қазіргі Жаркент қаласы) педагогикалық училищенің оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалып, осы лауазыммен қоса тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. 

1954 жылдан бастап Халел Арғынбаевтың тағдыры аспирантураға этнография мамандығы бойынша оқуға түскен Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтымен байланысты болды. Дарынды ғалымның қалыптасуына шығыстанушылар Н.Сәбитов, Ә.Х. Марғұлан, этнограф И.В. Захарова; өзі секілді жас, шығармашыл зерттеушілер (В.Востров, Е.Масанов, М.Мұқанов, Р.Ходжаева, Ғ.Уәлиханов, О.Ысмағұлов т.б.) аға буын әріптестерінің ықпалы мол болды. 1960 ж. «ХІХ ғ. ортасы мен ХХ ғ. басындағы  орыс және қазақ халықтарының тарихи-мәдени және олардың қазақтардың материалдық мәдениетіне ықпалы (Шығыс Қазақстан материалдары бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын Мәскеудегі Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология  институтында сәтті қорғайды. Осы жылдары Х.Арғынбаев қазақтардың тарихи этнографиясының көптеген өзекті мәселелерін (мал шаруашылығы және халықтық ветеринария, отбасы-неке қатынастары, қолөнер және қолданбалы өнер және т.б.) дамытумен белсенді айналысты. Сонымен қатар республиканың барлық өңірлеріне (1980 жылдың басына дейін 30-ға жуық экспедиция) жүйелі түрде  далалық зерттеулерлер жүргізді. Сонымен қатар оның ғылыми жұмыстары монографиялық зерттеулерге бағытталды. 1969 жылы этнограф-ғалымның «Қазақтың мал шаруашылығы жайында этнографиялық очерк» атты қызықты да мазмұнды зерттеуі жарық көрді.

1973 жылы Х.Арғынбаевтың «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты ірі монографиясы жарық көрді. Еңбек қазақ этнографиясының үлкен жетістігі ретінде жоғары бағаланып, жоғары ғылыми-практикалық маңызға ие болды. 1976 жылы ғалым аталмыш мәселе бойынша КСРО ҒА этнография институтында докторлық диссертациясын қорғап, 1980 жылға дейін академиялық этнография бөлімін басқарады. Арғынбаевтың тұсында бұл құрылым мамандандырылған ғылым бойынша  ірі ғылыми орталыққа айналып, этнографтардың жаңа буын өкілдерін қалыптастырып, тарихи этнография бағытымен қатар, этносоциология, этноархеология және т.б. салалар  дамыды. Кеңес этнографтарының арасында ғалымның есімі танымал болып, Н.А. Кисляков, С.М. Абрамзон, Т.А. Жданко, Р.Г. Кузеев, Б.Х. Қармышева, В.П. Курылев, Қ. Шаниязов, А. Оразов, И. Мухитдинов, Х.А. Есбергенов, В.Н. Басилов және т.б.  ғалымдармен тығыз шығармашылық байланыс орнатылды.

Сол жылдары этнограф Х.Арғынбаев беделді ғылыми жинақтар мен республикалық маңызы бар журналдарға, шетелдік басылымдарда жалпылама мақалалар жариялап отырды. бірқатар Халықаралық конгресстер мен конференцияларға, Бүкілодақтық этнографиялық сессияларға қатысады. Аталмыш шаралардың бірі 1990 жылы Алматыда өтті. Ғалым ғылыми-ұйымдастыру мәселелеріне: экспедициялық зерттеулер жүргізуге, ұжымдық еңбекті құру бойынша үйлестіру жұмыстарына, әсіресе  (1980) «Хозяйство казахов» кезеңдік басылымына  үлкен көңіл бөледі. 80-жылдардың ортасында Х.Арғынбаевтың жетекшілігімен қазақтардың тарихи этнографиясы жөнінде жалпы зерттеу жұмыстары дайындалып, кейіннен «Қазақтар. Тарихи-этнографиялық зерттеу» атты ұжымдық еңбек (Алматы, 1995) жарық көрді. 1990 жылдың соңына дейін оның авторлығымен бірқатар ірі еңбектер жарық көрді: «Қазақ халқының қолөнері» монографиясы (Алматы, 1987), «Қазақ отбасы» (Алматы, 1996); «Традиционная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки истории и теории» (в соавторстве, Алматы, 1998); «Қазақ шежіресі хақында» (в соавторстве, Алматы, 1999). Этнографтың жалпы  жарияланған еңбектерінің саны 250 құраса, ғалымның барлығы сегіз жеке монографиялық басылымы жарық көрді.

Ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметі айрықша маңызға ие болды, оның жетекшілігімен 10 кандидаттық және 5 докторлық диссертациялар қорғалды. Профессор Халел Арғынбаев Қазақстан этнографтарының «екінші толқыны» көрнекті мамандар Н. Масанов, Ә. Төлеубаев, У. Қыдыралин, Ш. Тоқтабаева, С. Әжіғали, Б.Камалашұлы, А. Тоқтабай, Н.Әлімбай, А. Қалыш, Ж. Артықбаев секілді этнолог, тарихшы, ғылым докторлары мен кандидаттарының қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Оның көптеген шәкірттері мен жас ғалымдар өз кезегінде Х. Арғынбаевтың арнасымен  салынған этнологияның бағыттарын сәтті дамытып жатыр. Ғалымның ұзақ жылдар бойы жалпы тарихи пәндер, жалпы этнография мен қазақ этнографиясы бойынша оқыған дәрістерінің ҚазПИ мен ҚазҰУ студенттік кадрларын дайындауға қосқан үлесі зор.

Профессор Халел Арғынбаев  ХХ ғасырдың екінші жартысында «қазақ этнографиялық мектебінің» жетістіктерін шыңдап, оны жетілдіре отырып, зерттеу жұмыстарының дәстүрлі және жаңа бағыттарын қалыптастырып, кәсіби кадрларды дайындауда, этнологтардың заманауи мектебін қалыптастыруда, этносоциологтар мен этноархеологтардың, музейтанушылардың және т.б. қалыптасуына, бірқатар аралас пәндер мен ғылымда үлкен маңызға ие қазақ этнографиясының дамуына үлкен үлес қосты.

Мерейтойлық конференцияға қатысуға ғылыми қауымдастықтың кең ауқымы, отандық және шетелдік мамандар шақырылады: этнологтар, тарихшылар, антропологтар, мәдениеттанушылар, археологтар, музеологтар, филологтар және т.б.; университеттер мен ғылыми және оқу орындарының өкілдері; мамандандырылған магистранттар мен докторанттар, БАҚ.

Конференция пленарлық отырыстың, секциялардың жұмысының және форумның жабылуының регламенті бойынша өтеді.

Конференция қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді.

Төмендегідей секциялар бойынша өту жоспарланған:

1. Этнограф Халел Арғынбаев: өмірі мен шығармашылығы, ғылыми мұрасы;

2. Қазақстанның этнология ғылымының тарихы;

3. Профессор Х.Арғынбаевтың іргелі еңбектері және қазақтардың тарихи этнографиясының негізгі мәселелері:

– этногенез, этникалық тарих және шежіре мәселелері;

– шаруашылық;

– материалдық мәдениет және тіршілікқамы жүйесі;

– қолөнер және кәсіпшілік;

– рухани мәдениет, халықтық білім, отбасы және неке.

4. Қазақстанның заманауи этнологиясының өзекті мәселелері. Этносоциология. Этнодемография. Қазақ диаспорасы.

5. Этнология және сабақтас пәндер. Музейтану. Этноөнер тарихы. Этнолингвистика.

6. Этноархеология және ескерткіштану.

Мекен-жайы: 050010, Алматы қ., ҚР Орталық мемлекеттік музейінің конференц-залы, Самал-1, 44.

Басқа қалалардан келген авторлар үшін конференцияға сырттай қатысуы қарастырылған. Қажет болған жағдайда жинақты ПДФ форматында электрондық пошта мекенжайына жіберу көзделген.

Ұйымдастыру комитеті конференция материалдарының жинағын жариялауды жоспарлап отыр. Конференция бағдарламасына енгізу үшін ұйымдастыру комитетінің мекен-жайына қатысушының тіркеу формасын ұсыну қажет (қосымшаны қараңыз). Жариялауға мұқият өңделген және редакцияланған мәтіндер қабылданады.

Қатысу шарттары

Баяндаманы (мақалаларды, тезистерді) жариялау үшін материалдар қатаң түрде мынадай талаптарға сәйкес ресімделуі тиіс: баяндама мәтіні (конференция тақырыбына байланысты және көлемі 10 беттен аспайтын) қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде, тіркеу нысаны MS Word мәтіндік редакторында терілуі тиіс; файлдың аты және JPEG форматындағы суреттердің жеке файлдары автордың тегімен аталуы тиіс.

1. Кестелер, схемалар, суреттердің атаулары болу тиіс және Windows ортасында терілуі

керек.

2. Беттер пішімі: А4.

3. Шекаралары: жоғарғы – 2 см, төмеңгі – 2 см, оң – 1 см, сол – 3 см.

4. Шрифт: Times New Roman, KZ Times New Roman, кегль – 12.

5. Жоларалық интервал – бір.

6. Қызылжолшегінісі: 1,0 см.

7. Ортасында кіші әріптермен (қалың қаріппен) автордың (авторлардың) аты-жөні, араб сандарымен жоғарғы таңба.

8. Төменде: араб сандарымен жоғарғы таңба, лауазымы, жұмыс істейтін мекеменің толық атауы берілген, ғылыми дәрежесі, атағы (бар болған жағдайда);

9. Төмен ортасында БАС ӘРІПТЕРМЕН (ҚАЛЫҢ ҚАРПІМЕН) баяндаманың атауы көрсетіледі.

10. Азат жол мен бір интервалдан кейін тікелей баяндама (мақала) материалы болады.

11. Әдебиеттер (және дереккөздер) тізімі мақаланың соңында орналастырылады және жұмыстарды атап өту тәртібіне сәйкес жасалады. Мәтіндегі сілтемелер тік жақшада әдебиеттер тізімі бойынша дереккөздің бетін (қажет болған жағдайда) көрсете отырып, тиісті нөмір түрінде рәсімделеді, мысалы: [1, с. 2], [1, 2-б.] или [1, р. 2]. Барлық библиографиялық мәліметтер мұқият тексерілуі керек.

12. Кестелер, сызбалар, суреттердің атаулары болып, Windows ортасында терілуі керек. Барлық суреттер мен фотосуреттер жақсы контраст пен кем дегенде 300 dpi ажыратымдылыққа иет иболуы тиіс. Барлық суреттерде нөмірлеу, сурет астындағы қолтаңба болуы керек. Сурет астындағы қолтаңба қысқа, бірақ мазмұнды болуы тиіс. Кестелер көрнекі болып, олардың атауы, сериялық нөмірлері болуы керек. Егер олар мәтінде жалғыз болса, кесте немесе сурет нөмірленбейді. Мәтінде барлық кестелер мен суреттерге сілтемелер болуы керек. Суреттер мен кестелер мәтінге қажетті жерге қойылады.

13. Жалпы қабылданғандардан басқа сөздерді қысқартуға жол берілмейді. Аббревиатуралар мәтінге алғаш рет толық мағынасын ашқаннан кейін ғана енгізіледі (мысалы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы – ҚР ҰҒА).

14. Ескертпелер жоғарғы индекс түріндегі сандармен рәсімделеді және рет-ретімен нөмірленуі тиіс. Ескертпе мәтіндері мақаланың соңында ЕСКЕРТПЕ бөліміне жатқызылып, жоғарғы индекс түрінде санмен нөмірленеді. Мәтінде жол сілтемелерін қоюға болмайды. Егер мақалада ЕСКЕРТПЕЛЕР де, ӘДЕБИЕТТЕР (ЖӘНЕ ДЕРЕКТЕР) ТІЗІМІ де болса, алдымен ЕСКЕРТПЕЛЕР қойылады.

15. Белгілерді біріздендіру: тырнақшалар – «»; даталардағы ғасырлар – рим цифрларымен, жылдар – араб. Сызықшаны (-) және ортаңғы сызықшаны (–) пайдалануды ажырату қажет. Соңғысы сандық, хронологиялық шектерді және т. б. белгілеу кезінде көрсетіледі: с. 89–92, 179–185-бб.; 1878–1879 жж.; XV–XVIғғ. (шыңдаусыз), немесеXV ғ. соны – XVIғ. басы (шыңдаумен); 7–8 км; М.–Л. және т.б.

16. Табуляция жасауға, сөздерді сиректетіп теруге, автоматты режимде орындалатын командаларды қолдануға, макростарды қолдануға, мәтінді шаблон түрінде сақтауға БОЛМАЙДЫ.

17. Файлдың атауы автордың тегімен аталады (мәтіндік файлдар үшін –

Омаров_өтініш.doc, Омаров_мақала.doc; иллюстрациялар үшін – Омаров_сур1.jpeg).

Редакциялық алқа рәсімдеу талаптарына сәйкес келмейтін мақалаларды қабылдамауға құқылы (төмеңде үлгіні қараңыз).

МАҚАЛАНЫ РӘСІМДЕУ ҮЛГІСІ

Абдулина А.Т.1 1 Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты, Этнология және антропология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты   ТАРИХТАҒЫ ТҰЛҒА: ЗЕРТТЕУДІҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ ТӘСІЛДЕРІ    Баяндама мәтіні, баяндама мәтіні, баяндама мәтіні Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі: 1 Асылбеков М.Х., Галиев А.Б. Социально-демографические процессы в Казахстане (1917–1980). – Алма-Ата: Ғылым, 1990. – 192 с. 2 Абусеитова М.Х. История Центральной Азии: концепции, методология и новые подходы // Материалы международной научно-теоретической конференции «К новым стандартам в развитии общественных наук в Центральной Азии». – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – С. 10–17. 3 Байтова А. Инновационно-технологическое развитие – ключевой фактор повышения конкурентоспособности // Казахстанская правда. – 2009. – № 269. – 28 июля.

Тіркеу нысаны және баяндама (мақала) материалдары – 2024 жылдың 30 маусымнан кешіктірілмей қабылданады.

Өткізу формасы: Іс-шара онлайн форматта Zoom платформасы арқылы өткізіледі (конференция идентификаторы:).

         Конференция жұмысының регламенті: 10.00–13.00 – Пленарлық отырысы; 14.30–17.00 – секциялар жұмысы; 17.00–18.00 – 2-пленарлық отырыс, конференцияның жабылуы.

(Конференция ережелері бойынша барлық түсініктемелер қосымша хабарланады)

 Байланысушы тұлғалар:

         (ғылыми-ұйымдастырушылық мәселелерді шешу үшін)

Абдулина Аксункар Турсыновна – этнология және антропология бөлімі меңгерушісі, т.ғ.к.; моб.: +7 777 312 20 360; Досымбетов Нұрлыбек Айдарбекұлы – этнология және антропология бөлімінің кғқ; е-mail: nur_dos88@mail.ru; тел.: +7 747 056 22 59.

Қосымша

Тіркеу нысаны (қазақ тілінде немесе орыс тілінде)

ер.  □                             әйел.  □

 Тегі 
 Аты 
 Әкесінің аты 
 Ғылыми дәрежесі, лауазымы 
 Ұйым (ғылыми мекеменің, ЖОО-ның атауы және т. б., оның орналасқан жері) 
 E-mail 
 Телефон/факс (халықаралық байланыс коды) 
 Баяндама тақырыбы 

Құрметпен, Ұйымдастыру комитеті