Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

АБЫЛАЙ, УƏЛИ ЖƏНЕ БӨКЕЙ ХАНДАРҒА АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ


2024 жылдың 19 қыркүйек күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің ұйымдастыруымен М. Әуезов музей үйінде «Абылай, Уəли жəне Бөкей хандардың мемлекттік қызметінің беймəлім тұстары» атты Республикалық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Аталған конференция «Абылай, Уәли және Бөкей хандардың мемлекеттік қызметінің зерттелмеген кезеңдері (сирек мұрағаттық және фольклорлық деректер негізінде)» гранттық жобасы бойынша ұйымдастырылды.

Абылай, Уəли жəне Бөкей хандардың қилы кезеңдегі тарихи деректерін ұлықтауға арналған іс-шараға республикалық маңызы бар тарихшы ғалымдар мен шығыстанушы мамандар қатысты. Модератор тізгінін ұстаған ҚР ҒЖБМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Қабылдинов З.E. өтіп жатқан конференцияның мақсаты мен маңызына тоқталып жоба аясында орындалып жатқан бірқатар ғылыми жұмыстарға шолу жасады. Жобаның жетекшісі, институттың жетекші ғылыми қызметкері және Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің меңгерушісі т.ғ.к., Ошан Ж. гранттық жобаның аясында атқарылған бірқатар маңызды жұмыстарды тілге тиек ете отырып Абылай, Уəли жəне Бөкей хандардың кезеңіне қатысты кейбір тарихи мәселелер мен түпнұсқа деректердің ғылыми айналымға түсірілуі кезінде сақталған түйіткілдерді баяндады. Институт директорының кеңесшісі, PhD докторант Қуанбай О.Б. жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарды жеке-жеке таныстыра келіп жобаның осы уақытқа дейінгі атқарылып жатқан ғылыми жұмыстарына шолу жасады.

Конференция бағдрламасына сәйкес сөз алған институттың Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор Қабылдинов З.E. Ресей империясының Абылай ханға бағыттаған саясатына талдау жасап, сол кездегі патшалық Ресейдің Абылай ханға арнайы салған үйі туралы баяндады. Абылай және оның төңірегіндегі қазақ батырларының ерлігі мен тұлғалық бейнесі туралы тілге тиек еткен институттың жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дәулетхан Ә. Абылай хан төңірегінде қалыптасқан батырлық образ бен қазақ батырларының тарихи еңбектеріне назар аударды. Қазақ тарихы туралы парсы деректерінің маңыздылығы мен ерекшелігіне тоқталған институт директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Жомарт Ж.Ж. XVII-XIX ғасыр кезеңіндегі Қазақстан тарихы туралы парсы деректеріне арнайы талдау жасап, деректерде кездесетін кейбір маңызы зор асфектілердің астын сызып айрықша тоқталды. Конференцияның кезінде жоба аясында шыққан З.Е. Қабылдиновтың «Абылай хан и Россия» еңбегі мен «Абылай хан және іргелес мемлекеттер мен халықтар» атты ұжымдық монографияның тұсаукесері жасалынды.

ХVIII ғасыр кезеңінде патшалық Ресейге жолданған хаттарға баса назар аударған институттың жетекші ғылыми қызметкері және Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімінің меңгерушісі т.ғ.к., Ошан Ж. Абылай сұлтанның 1759 жылы Сібір корпусының командиріне жазған бір парша хатына тілдік, тарихи және саяси тұрғыда жіктеп Абылай хан заманындағы қазақ-орыс қатынастарына айрықша тоқталды. Осыдан кейін модератор тізгінін ұстаған директордың ғылым жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Тілеубаев Ш.Б. конференция кезінде жасалынған бандамалар мен көтерілген тақырыптардың отандық тарих саласындағы алар орнына талдау жасап, келесі баяндамашыларға сөз берді. Абылай хан және Әбілфейіз сұлтан туралы келелі баяндама жасаған институттың Астана филиалының маманы т.ғ.к.,. Денис Черниенко «Султаны Абылай и Абулфеис: из истории военно-политического сотрудничества» тақырбы аясында аталған хан-сұлтандардың тарихи міндеттері мен әскери және саяси ынтымақтастығына тоқталды. Қазақ батырларының дипломатиялық салада атқарған қызметтері және тұлғалық біліктілігі туралы арнайы тоқталған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің маманы т.ғ.к., Дауытбекова М.Қ. «Қазақ батырларының дипломатиялық қатынастардағы рөлі» атты баяндамасын жасады. Абылай хан тұсында патшалық Ресейге жолданған шағатай-қазақ тіліндегі сирек архивтік құжатқа жан-жақтылы талдау жасаған институт директорының кеңесшісі, PhD докторант Қуанбай О.Б. Абылай ханның ескі шағатай-қазақ тілінде жазған түпнұсқа құжаттарының аударылу ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқталып тілдік, мәдени және саяси тұрғыда айрықша талдау жасады. Қазақ тарихы туралы шетелдік деректерге сілтеме жасай келіп, Тайвань архив құжаттарына талдау жасаған институттың кіші ғылыми қызметкері, PhD докторант Сауырқан Е. «Қазақ тарихының XVIII-XIX ғғ. кезеңіне қатысты Тайвань деректері» атты баяндамасын жасады. Бұдан бөлек Абылай ханның Цин патшалығына жолдаған хаттарына айрықша талдау жасаған институттың кіші ғылыми қызметкері Қадылбек М. Абылай ханның Цин патшалығына жолдаған хаттарын талдай келе оның зерттелуіне баса мән берді. 

Конференция соңында еркін түрде пікір-талас өтті. Конференцияға қатысушы мамандар аталған тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісті және тақырыптың әлі де болсын өзекті тұстарына көбірек тоқталды.