2024 жылы 27 қыркүйекте Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Мемлекеттік орталық музейі бірлесе отырып және «Ғылым Ордасы» РМҚ Орталық ғылыми кітапхананың қатысуымен қазақтың көрнекті этнолог-ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «V Арғынбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференция өткізді. Конференцияның жұмысы Мемлекеттік орталық музей қабырғасында өтті.
Халел Арғынбаев (1924–1998) – соғыс жылдарынан кейінгі көрнекті академиялық этнограф-ғалым, 1970–1990 жж. басында қазақстан этнологтарының көшбасшысы, тарих ғылымдарының докторы (1977), профессор (1982), ҚазКСР ҒА Тарих, археология және этнография институты этнография бөлімінің меңгерушісі (1976–1989).
Конференцияның негізгі мақсаты – этнограф Халел Арғынбаевтың ХХ ғасырдың 2-жартысында Қазақстандағы академиялық ғылымның дамуына айрықша қосқан үлесін талқылау, «қазақ этнографиялық мектебінің» негізін қалаған көрнекті ғалымның жетістіктерін көрсету, отандық этнология мен сабақтас пәндердің бүгінгі жағдайы мен болашақтағы дамуын талқылап, әріптестерімен және шәкірттерімен ғалым туралы естеліктермен бөлісу. Конференцияға Ш.Ш. Уалиханов атындағы Тарих және этнология институтының, Мемлекеттік орталық музейінің және еліміздің басқа да ғылыми, мәдени мекемелерінің мамандары және Ресей, Өзбекстан т.б. елдердің ҒЗИ және ЖОО өкілдері қатысты.
Конференция қатысушылары пленарлық және секциялық отырыстарында келесі бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді талқылады:
1. Этнограф Халел Арғынбаев: өмірі мен шығармашылығы, ғылыми мұрасы;
2. Қазақстандағы этнология ғылымының тарихы;
3. Х.А. Арғынбаевтың негізгі еңбектері мен қазақтардың тарихи этнографиясының мәселелері:
– этногенез, этникалық тарих және шежіре мәселелері,
– шаруашылығы,
– материалдық мәдениет және тіршілікқамның жүйесі,
– қолөнер,
– рухани мәдениет, халықтық білім, отбасы және неке.
4. Қазақстан этнологиясының қазіргі өзекті мәселелері. Этносоциология. Этнодемография. Қазақ диаспорологиясы.
5. Этнология және сабақтас пәндер. Музей ісі. Этномәдениеттану. Этнолингвистика.
6. Этноархеология және ескерткіштану.
Конференция жұмысы барысында екі пленарлық отырыс болды: негізгі және қорытынды, сонымен қатар екі секциялық отырысы.
Конференцияның пленарлық жұмысын Халел Арғынбаевтың шәкірті, Қазақстанның белгілі этнолог-ғалымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор С.Е. Әжіғали жүргізді. Ең алдымен Мемлекеттік орталық музейінің директоры Р.Е. Харипова конференция қатысушыларына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Ғ. Балаеваның арнайы құттықтауын жеткізді. Осыдан кейін, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры З.Е. Қабылдинов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих факультетінің деканы Д.С. Байгунаков құттықтау сөз сөйледі. Көрнекті антрополог, академик О.С. Смағұлов, жазушы және қоғам қайраткері, Бауыржан Момышұлының келіні З. Ахметова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Н. Негимов, белгілі археолог-ғалым, академик Ж.К. Таймағамбетов, Қазақстанның халық әртісі, режиссер және драматург Е.Ж. Төлеубай, белгілі этнолог, тарих ғылымдарының докторы Ш.Ж. Тохтабаева сынды ғылым мен мәдениет саласының белгілі мамандары Халел Арғынбаев туралы естеліктерімен бөлісті. Конференцияны ұйымдастыруға белсенді қатысқан туыстары – ғалымның жұбайы Әмина Әубәкірқызы Арғынбаева, қызы Мақпал Халелқызы Арғынбаева құттықтаусөзсөйлеп,конференцияны ұйымдастырушыларға, ғалымның шәкірттеріне алғысын білдірді.
Конференцияның пленарлық отырысында С.Е. Әжіғали, М.Х. Әбусейітова, А.Б. Қалыш, М.Ж. Абдиров, А.У. Тоқтабай, Р.М. Мустафина және басқа да белгілі этнологтар мен тарихшылар Қазақстанның этнология ғылымының қазіргі жағдайы және Халел Арғынбаевтың мұрасына арналған ғылыми баяндамалар оқыды.
Түстен кейін секция жұмысы жалғасып, онда отандық және шетелдік зерттеушілер – этнолог, мәдениеттанушы, антрополог, музеолог және тарихшылардың қызықты баяндамалары тыңдалды. Секция жұмысы ерекше қызу өтті: түрлі сұрақтар, қосымша пікірлер және ұсыныстар болды.
Қорытынды пленарлық отырысында екі секцияның модераторлары – Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТЭИ Этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі А.Т. Абдулина, ҚР МОМ директордың ғылым жөніндегі орынбасары Ғ.Т. Теміртон, Астана қ. Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар жоғарғы мектебінің доценті Е.К. Рахимов және Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТЭИ жетекші ғылыми қызметкері Г.Ү. Орынбаеваның есептері тыңдалды. Сонымен қатар, қорытында кезеңде конференция жұмысының нәтижелері талқыланды, ой-пікірлер айтылды, резолюция қабылданды.
Конференция жұмысын талқылау нәтижесінде төмендегідей резолюция қабылданды:
1. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «V Арғынбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференцияның жұмысы сәтті өтті деп есептелсін. Конференция жұмысы туралы БАҚ-та мақала жариялау.
2. Екі жылда бір рет тұрақты түрде халықаралық конференция өткізу. Аталмыш конференция жұмысына қатысуға басқа да елдердің (оның ішінде бірлескен ұйымдастырушылар ретінде) сала бойынша ғылыми-зерттеу мекемелерін және ғалымдарын тарту.
3. Этнограф-ғалымның ғылыми мұрасын насихаттау мақсатында конференция материалдарын электронды және қағаз форматында басып шығару.
4. Астана қаласының әкімшілігіне Астана қаласының бір көшесіне Х. Арғынбаевтың атын беру туралы ұсыныс жасау.
5. Алматы қаласының әкімшілігіне ғалым тұрған үйдің қабырғасына естелік тақтайшасын ілу және Алматы қаласындағы бір мектепке атын беру туралы ұсыныс жасау.
6. ҚР Оқу-ағарту министрлігіне «Жаркент жоғарғы педагогикалық колледжге» көрнекті этнолог Х. Арғынбаевтың атын беру және коледждің ғимарат алдында ғалымның бюстін орнату туралы ұсыныс жасау.
7. ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қазақтың көрнекті этнографы Х. Арғынбаевтың негізгі еңбектерінің тізімін Қазақстан тарихы бойынша 8–9 сыныптардың мектеп оқулықтарына қосу туралы ұсыныс беру.
8. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында орындалып жатқан ғылыми жобаның нәтижесінде Х.А. Арғынбаевтың еңбектер жинағын 3 том етіп шығару (2024–2026).
9. Халел Арғынбаевтың жеке қорын құру мақсатында Х.А. Арғынбаевтың отбасы ғалымның жеке архивін ҚР Орталық мемлекеттік архивіне өткізу туралы ұсыныс беру.
10. Жоғарғы оқу орындарының тарих бағытындағы оқытушыларына бакалавр, магистратура және докторантурада Х. Арғынбаевтың ғылыми мұрасы бойынша арнайы курс сабақтарын элективті пәндер каталогына қосу туралы ұсыныс жасау;
11. ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне еліміздің этнология ғылымының дамуына үлес қосқан жас этнограф-ғалымдарды марапаттау мақсатында Халел Арғынбаев атындағы медаль бекіту туралы ұсыныс беру.
Конференция жұмысы кезінде «Ғылым Ордасы» РМҚ Орталық ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен Х. Арғынбаевтың және оның шәкірттерінің еңбектері және ҚР МОМ қорлары бойынша ғалымның жеке заттары мен құжаттары көрмесі тамашаланды; Х. Арғынбаевтың өмірі мен қызметі туралы видеофильм көрсетілді.