Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к. А.Т. Қайпбаева 2024 жылдың 17 қыркүйек – 1 қазан айы аралығында «1920–1930 жылдардағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» атты гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобаны жүзеге асыру аясында Қырғызстан республикасының Бішкек қаласына ғылыми іс-сапар жұмысын жүзеге асырды.
Ғылыми іс-сапардың мақсаты – Бішкек қаласындағы архив және кітапхана қорларындағы кеңестік кезеңдегі, яғни, 1920–1930 жылдардағы ашаршылықтың, сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан іргелес елдерге көшуге (оның ішінде Қырғызстанға) мәжбүр болған босқын көштегі панасыз қалған қазақ балаларының сол елде орналасу ерекшеліктерін және олардың тағдырын зерделеу. Бұдан өзге, ұлттық азшылықты құрайтын балаларды тәрбиелеген мекемелердің қызметін көрсету т.б. тақырыпқа қатысты тың деректерді зерделеу, сараптау және құндылығына қарай толыққанды жинақтау болып табылады.
Бішкек қаласында Қырғызстан республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Қырғызстан республикасы қоғамдық-саяси құжаттамасының Орталық мемлекеттік архиві, А. Османов атындағы Қырғызстан республикасының ұлттық кітапханасында деректер мен ғылыми зерттеулер негізінде шаралар атқарылды. Осы орайда, Қазақстандағы өткен ғасырдың 20-30 жж. жаппай ашаршылық салдарынан орын алған қазақтардың мәжбүрлі босқыншылық тарихына қатысты архив құжаттары анықталып, диссертациялар, архив құжаттарының жинақтары, монографиялар және баспасөз құралдары негізіндегі құнды материалдардың көшірмелері алынды.
Сонымен қатар, ғылыми мекемелермен әріптестік байланыс аясында да ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, т.ғ.д., профессор З.К. Курмановпен кездесіп, әріптестік ғылыми байланыстар жөнінде, ғылыми жоба аясында пікір бөлісіп, ғылыми еңбектерді сыйға тартумен қорытындыланды.