Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М. – А. Х. Асылбектің 95 жылдығына арналған «ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан дамуының әлеуметтік-демографиялық және мәдени мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция туралы


2024 жылдың 4 қазанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблеясы бөлімі ұйымдастыруымен ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбектің 95-жылдық мерейтойына орай, AR19678056 «ХХ ғасырдың 20-30 жылдардағы Қазақстан қалалары әлеуметтік-мәдени феномен ретінде: этнодемографиялық және әлеуметтік-мәдени даму» жобасын жүзеге асыру аясында, «ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан дамуының әлеуметтік-демографиялық және мәдени мәселелері» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция мақсаты – ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық және мәдени мәселелерін зерттеуде көрнекті ғалым М.-А.Х. Асылбектің ғылыми мұраларын Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және демографиялық тарихы мәселелерін зерделеудегі қолданбалық маңызы, сондай-ақ, қазіргі тарих ғылымының дамуы үрдісімен салыстыра қарастыру және өскелең ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие берудегі маңызы тұрғысынан талқылау.

Президент Қ.-Ж.К. Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» мақаласында «Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейді. Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді. Міне, мемлекет басшысының бұл тұщымды ойы М.-А.Х. Асылбек сынды ғалымдардың ғылыми және қоғамдық қызметіне арналады.

Бұл атаулы күні  ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбектің  тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатылды, ғалымның өмір жолы мен ғылыми зерттеулеріне арналған кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, академик Жұрынов Мұрат Жұрынұлы құттықтау сөздерін арнады. Ғылыми басқосудың кіріспе сөзін алған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Ермұқанұлы Қабылдинов ғалым М.-А.Х. Асылбектің өмірі мен ғылыми мұрасына арналған мазмұнды баяндамасын ғылыми көпшілік назарына ұсынды.

Конференцияға Түркия, Ресей, Германия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан елдерінен ғалымдар қатысты. Конференция Пленарлық отырыс және үш секция аясында өтті. Конференция жинағына барлығы дерлік Қазақстан және шетелдік ғалымдардың 70-тен астам мақалалары ұсынылды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның пленарлық отырысында шетелдік қонақтар мен Қазақстанның жетекші ғалымдары сөз сөйледі:

Мустафа Демиржи (Mustafa Demirci) – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Селжук университеті, Конья, Түркия (офлайн),

Хасан Бахар (Hasan Bahar) – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Селжук университеті, Конья, Түркия (офлайн),

Кригер Виктор Эдмундович – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Бавария мәдени орталығының ғылыми қызметкері, Нюрнберг, Германия (онлайн),

Аманжолова Дина Ахметжанқызы –  тарих ғылымдарының докторы, Ресей Ғылым академиясының Тарих институтының профессоры, Мәскеу қ., Ресей (онлайн),

Толипов Файзулла Саидович – тарих ғылымдарының докторы, Ташкент мемлекеттік университетінің профессоры, Ташкент қ., Өзбекстан (онлайн),

Оразалы Сәбден – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ғылым және техника жөніндегі Ұлттық кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

Мажитов Саттар Фазылұлы – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының және Халықаралық ақпарат академиясының академигі, Алматы, Қазақстан (офлайн)

Құдайбергенова Айжамал Ибрагимқызы  –  тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, Алматы, Қазақстан (офлайн).

Конференция қорытындылары бойынша төмендегідей қаулы қабылданды:

1. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық тарихы, оның ішінде қалалар тарихы мен мәдениеті бойынша зерттеулерді жаңғырту;

2. Тарихшы-ғалым Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбектің 95-жылдық мерейтойына арналған конференция жұмысының нәтижелерінің маңызын ескере келе, материалдар жинағын баспаға әзірлеу;

 3. Алматы қаласы әкімдігі назарына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.-А.Х. Асылбектің құрметіне орай көше атауын беруге ұсыныс жасау;

4. Ғалымдарға тарихи демография, оның ішінде Қазақстан халқының этнодемографиялық даму тарихы және әлеуметтік және ұлттық құрылымының қалыптасуына көші-қон толқындарының әсері туралы зерттеулерді жалғастыру;

 5. Қазақстан халқының тарихы мен мәдениетін, сондай-ақ Қазақстандағы қазақ диаспорасы мен этникалық топтарының тарихын зерттеуге арналған қазіргі зерттеу бағыттарын анықтау;

  6. Пәнаралық көзқарас негізінде Қазақстанның тарихи демографиясы және әлеуметтік-экономикалық тарихы саласында жас ғалымдарды даярлауды жандандыру, оның ішінде, PhD докторлардың диссертациялық еңбектерін дайындау үшін ұсынылатын тақырыптар тізіміне өзекті тақырыптарды енгізу;

7. Ғылыми қауымға Тарих және этнология институтының ғылыми журналдары – «Отан тарихы» және «edu.e-history.kz» халықаралық электронды журналында (БҒСБК ұсынған) Қазақстанның тарихи демография ғылымының өзекті мәселелеріне арналған жарияланымдарды дайындауды күшейту;

 8. Бейіндік ғылыми-зерттеу институттары, университеттер, ғылыми орталықтар белгілі ғалымдардың Қазақстандағы тарих ғылымының дамуына қосқан үлесін зерделеу, мерейтойларға арналған ғылыми-тәжірибелік іс-шараларды өткізу, Қазақстан тарихының өзекті мәселелері бойынша басылымдар дайындау жұмыстарын одан әрі жалғастыру;

 9. Тарихи демографияның өзекті мәселелері бойынша жобаларды әзірлеу кезінде ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерден шетелдік әріптестерді, оның ішінде жақын және алыс шетелдердің мамандандырылған ғылыми ұйымдарын жұмылдыру;

10.       Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблеясы бөліміне академик М.-А.Х. Асылбектің ғылыми еңбектерінің толық жинағын шығару;

 11. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Тарихи демография және Қазақстан халқы Ассамблеясы бөліміне тарихшы-ғалымның жеке кабинетін жаңа материалдармен ұдайы толықтырып отыруды қамтамасыз ету.