Иранмен халықаралық ынтымақтастық туралы


2024 жылдың 26 қыркүйегі мен 02 қазан аралығында Директордың сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Жеңіс Ж. Ж. Тегеран қаласына (Иран Ислам Республикасы) ғылыми іссапармен барды.

Іс сапар Ирандағы Қазақстан Республикасының Елшілігі мен ЮНЕСКО ұйымының Орталық Азия мен Орта Шығыс елдерінің материалдық емес мәдени мұраларын зерттеу Орталығының ұйымдастыруымен және қолдауымен өтті.

2024 жылдың 28 қыркүйегінде Ирандағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі О.С. Оңалбаев мырзамен кездесу болды. Кездесу барысында Елшіге Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, академик З.Е. Қабылдиновтың сәлемі жеткізіліп, институтта шыққан кітаптар табыс етілді.

Елші иран-қазақ саяси, экономикалық және мәдени байланыстарының қазіргі жағдайы туралы айтып берді. Өз кезегімізде, Елшіге Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жұмысы туралы жан-жақты баяндап бердік. Елші институтпен бірігіп ғылыми іс-шаралар өткізіп, ғылыми зерттеулер мен жинақтардың жариялануына өз тарапынан қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты.

2024 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстанның Тегерандағы Елшілігінде Иран және Қазақ ғалымдарының қатысуымен ғылыми конференция, мәдени кеш және көрме өтті. Конференцияда Жомарт Жеңісұлы «Хорасанның Орталық Азиядағы рухани-мәдени процестердегі орыны» атты баяндама жасады.
Конференция барысында ЮНЕСКО ұйымының Орталық Азия мен Орта Шығыс елдерінің материалдық емес мәдени мұраларын зерттеу Орталығының жетекшісі А. Мумини ханыммен кездесіп, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарихы мен қазіргі жағдайы туралы айтып берді. А. Мумини ханым Институтымызбен көшпенділер өркениеті, түркі халықтарының дүниетанымындағы экологиялық көзқарастар, қазақ-иран дәстүрлі мәдениетіндегі ортақ элементтер тақырыбы бойынша біріккен ғылыми жобалар атқаруға дайын екендігін білдірді. А. Мумини ханымға ынтымақтастық туралы меморандумның мәтіні табысталды.

2024 жылдың 30 қыркүйегінде Тегерандағы Аламэ Табатабай университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінде факультет деканы М. Хабиби мырзамен және факультет ұстаздарымен кездесу өтті. Кездесуде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарихы мен қазіргі жағдайы туралы жан-жақты айтылды. А. Хабиби мырза біздің тараптан айтылған төмендегі ұсыныстарға қолдау білдірді:

  • Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының 5 ғылыми қызметкерлерін А. Табатабай университетіндегі шет елдік студенттерге арналған парсы тілі курсына 3-6 айлық мерзімге оқуға қабылдау;
  • Институт қызметкерлеріне Иранның архивтері мен кітапханаларында ғылыми ізденіспен айналысуы үшін қысқа мерзімдік стажировкалар ұйымдастыру;
  • Біріккен ғылыми журнал, жинақтар, монографиялар, басылым шығару;
  • Біріккен ғылыми жиындар (дөңгелек столдар, конференция, семинарлар);

2024 жылдың 30 қыркүйегінде Иранның мәдени мұралар мен тарихи тұлғаларды зерттеу Орталығында болып, Орталық жетекшісімен кездесу өтті. Иранның мәдени мұралар мен тарихи тұлғаларды зерттеу Орталығы тікелей Президент Әкімшілігіне бағынады және ғылыми және қаржылық мүмкіндігі үлкен мемлекеттік ұйым. Ұйымның өз қолжазба қоры, сирек кітаптар қоры бар. Қазақстан мен Орталық Азия елдері тарихына қатысты 19-20 ғасыр баспасөз газеттер мен журналдар тізбегі сақталған.

Кездесу барысында төмендегідей келісімдерге қол жеткізілді:

  • Біріккен ғылыми журнал, жинақтар, монографиялар, басылым шығару;
  • Біріккен ғылыми жиындар (дөңгелек столдар, конференция, семинарлар) өткізу;
  • Қазақстан тарихындағы белгілі тұлғалар (Фараби, Яссауи, Кенесары, Абылай, Абай, т.б.) туралы біріккен жобалар жасау;
  • Иранның мәдени мұралар мен тарихи тұлғаларды зерттеу Орталығы мен Қазақстан шығыстанушы-иранистер Кеңесін құрылды. Кеңес құрамына Қазақстан тарапынан Ирандағы Қазақстан Республикасының Елшісі О.С. Оңалбаев, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры З.Е. Қабылдинов, т.б. тарихшы ғалымдар кірді.

2024 жылдың 01 қазан күні 2023 жылы құрылған Қазақ-Иран тарихшылары қауымдастығының І-ші отырысы өтті. Жиынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторанты Б. Базарқұлова, Иран СІМ саяси зерттеулер Орталығының жетекшісі С. Моуджани, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ирандағы ресми өкілі М. Нури мырзалар, т.б. қатысты.
Жиында қауымдастықтың Иран тарапынан жетекшісі етіп С. Моуджани мырза сайланды. Моуджани мырза қауымдастықтың 6-айлық есебін жасады. Моуджани мырзаның айтуынша иран және қазақ тарихшылары тарапынан төмендегі жұмыстар атқарылған:

  • Еду-хистори журналына М. Нури мырзаның Ж.Жеңіспен бірігіп жазған мақаласы (Реза шах тұсындағы қазақтар миграциясы (ХХ ғ. 30-шы жылдары)) жарық көрген;
  • «Парсы деректеріндегі Алашорда қозғалысы» монографиясы дайын;
  • «Маңғыстау қазақтарының Ирандағы өмірі мен қазіргі ахуалы» баспаға дайын;
  • Ж.Жеңістің «Тарихе Олджайту» аудармасы баспаға дайын.

2024 жылдың 01 қазан күні Тегеран университетінің халықаралық қатынастар факультетінде Орталық Азия мен Қазақстан бойынша білім алып жатқан студенттер мен оқытушыларға иран-қазақ тарихи-мәдени байланыстары туралы семинар өткіздік.
2024 жылдың 01 қазан күні доктор М. Тишияр ханыммен біріккен жобалар бойынша талқылау болды. М. Тишияр ханым Л. Гумилев атындағы Евразия ҰУ және әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ ғалымдарымен бірге бірнеше жобаларға қатысып жатқандығын, біздің институтпен «Парсы деректеріндегі Алматы қаласының тарихы» тақырыбында жоба дайындап жатқандығын, осы жобаны орындау мен қаржылық қолдау мәселелері бойынша сұрады. Ол кісіге Қазақстандағы ғылыми жобаларды дайындау және ұсыну бойынша жан-жақты түсіндірілді.

Иранға ғылыми іссапар табысты және жоспарға сай өтті. Сапар барысында 3 меморандум жасауға келісілді, 4 кітап, 1 архивтік құжат алынды.