Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Ақтөбеге ғылыми іс-сапар


Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Байжуманова Замзагуль Бекежанқызы 2024 жылдың 18 қыркүйек – 01 қазан аралығында «ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» гранттық жобасын іске асыру мақсатында Ақтөбе қаласына ғылыми іс-сапарға барып қайтты.

Ғылыми іс-сапардың мақсаты – Ақтөбе қаласының архив және кітапханаларынан 1920–1930 жж. қазақ қоғамында орын алған балалар панасыздығы мәселесі, Ақтөбе өңіріндегі балалар үйінің пайда болу тарихы, балалар үйінің жай-күйі жайлы тың архив деректерін жинақтау.

Ғылыми іс-сапар барысында Ақтөбе қаласында орналысқан Ақтөбе облысының мемлекеттік архивінде, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап кітапханасында жұмыстар жүргізілді. Аталған архивтегі 281 қор, 177 қордан Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысының аудандарында орналасқан балалар үйі, сол өңірдегі панасыз балаларды қорғау тұрғысындағы іс-шаралар туралы құжаттар анықталып, тарихнамалық шолу, археографиялық анықтау, талдау, өңдеу, жүйелеу жұмыстары орындалды. Мәселен, 281 қордың 1-ші және 5-ші тізбесінде дерлігімен Кеңес үкіметі кезеңіндегі Халық ағарту комиссариатының құжаттары сақталған. Құжаттардың ішінде Ақтөбе облыстық балалар комиссиясы Президиумының қаулылары, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің тізімі, балалар үйінің хаттамалары, жоспарлары мен есептері, балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншек балаларды жұмыспен қамтамасыз ету, жоғалған балаларға іздеу салу т.б. мазмұндағы көптеген құжаттар кездестірілді. Сонымен бірге, 03, 1313-П, 24-П, 14, 59, 151 қорларынан панасыз қалған балаларды мемлекеттік қорғау ісі, балалар үйіндегі білім беру мен тәрбие бағыттары, балалар үйі қызметінің оң және солақай тұстары, Ақтөбе облысында арнайы денсаулығының ақауы бар балаларға (саңырау, мылқау) арналған арнайы балалар үйінің жағдайы, мекемелерді қысқы мерзімге даярлау іс-шаралары, т.б. көптеген аталмыш тақырыптардан мәліметтер беретін құжаттардың көшірмелері алынды.

Алынған құжаттар жоба аясында орындалатын Архив құжаттарының жинағына енетін болады.