Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

«ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы Қазақстан: Д.А. Қонаевтың республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті


  2024 жылдың 8 қазанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы Қазақстан: Д.А. Қонаевтың республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен форумға отандық және шетел мемлекеттерінің (Ресей, Польша) зерттеуші ғалымдары қатысты. Конференция жұмысына Д.А. Қонаевтың жақын туыстары – Э.А. Қонаев және Ж.Д. Серікбаева қатысып, ғылыми жиынның шырайын ашты. 

Қазақстан мен Ресей тарихшы-ғалымдарының ынтымақтастығының үлгісі ретінде және бүкіл Кеңес Одағының ірі партия және мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметін зерттеуге деген ортақ мүддесін білдіретін құттықтау сөздерімен Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлы, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті (Федералдық мемлекеттік бюджеттік жоғары оқу орны) ғылыми жетекшісі, Ресей ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Пивовар Ефим Иосифович сөз сөйледі. Басқа да мазмұнды баяндамаларды Қазақстанның жетекші ғалымдары, жас мамандары, халық ағарту саласының қызметкерлері жасады. Баяндамашылардың әрқайсысы Д.А. Қонаевтың қазақ халқының тарихындағы орны, қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ғылыми дамуына қосқан үлесіне айрықша тоқталды.

Ғылыми жиында Д.А. Қонаевтың республиканың аумақтық тұтастығын сақтаудағы, бұрын жоғалтқан бірқатар аумақтарды Қазақстанға қайтару, ҚХР-ның көршілес аймақтарынан жүздеген мың қандастардың тарихи отанына оралуындағы және олардың одан әрі ыңғайлы орнығуындағы қайраткерлік қызметіне баға берілді.

Д.А. Қонаевтың тың және тыңайған жерлерді игеру және одан әрі дамытудағы еңбегі атап өтілді. Қонаевтың басқарудағы іскерлік стилі адамдармен, сондай-ақ, аймақтағы бауырлас көршілерімен (атап айтқанда Қырғыз КСР) және басқа да одақтас республикалармен достық және ынтымақтастық қарым-қатынастарды дамытуда ерекше рөл атқарды.

Көрнекті тұлға Д.А. Қонаевтың бойындағы адамдарды тыңдай білу, олардың жағымды қасиеттерін көре білу және өзінің ұтымды дағды-әрекеттерін көрсете білу қасиеттері – дәл сол «Қонаевтық» стильдің мәні болды, соның арқасында республика қарқынды дамып, одақ басшылығының үлкен және жан-жақты қолдауына ие болды.

Поляк зерттеушісі Кристиан Пахутский – Влосек Д.А. Қонаевтың отставкаға кетуі, Қонаев пен поляк коммунистерінің көсемі Е.Гиерек тағдырларының туысқандығы және отандастарының мұраларына деген көзқарастарының ұқсастығы жайында жан-жақты баяндады.

Конференцияға қатысушылардың баяндамаларынан кейін қызу пікірталас орын алып, Д.А. Қонаевтың өмірі мен қызметіне қатысты айтылған мәселелер бойынша тұщымды ойлар айтылды. Жиылған жұртшылық Д.А. Қонаев Кеңестік Қазақстанның дамуындағы және оның қазіргі тәуелсіз, егеменді мемлекеттің негіздерін қалыптастырудағы рөлі туралы ойларын білдірді.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының  жетекші ғылыми қызметкері,  т.ғ.к., К.В. Черапанов