2024 жылдың 24 қазанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты АР23489137 «Батыс Сібір қазақтарын басқару құрылымдары: XVIII ғасырдың соңы – XIX ғасыр» ГҚ ғылыми жобасы аясында өткізілген «Қазақ даласын әкімшілік басқару Ресей империясының аймақтық саясаты контексінде» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Конференцияның негізгі мақсаты – XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың соңына дейін қазақтарға арналған басқару құрылымдарын құрудағы Ресей империясының саясатын талқылау және талдау. Негізгі назар жаңа архивтік деректер мен тарихи құжаттарға, сондай-ақ, империялық саясаттың бір жарым ғасыр бойғы қазақ даласын басқаруға және қазақ қоғамындағы өзгерістерге қатысты нәтижелеріне аударылды.
Конференция барысында империялық әкімшілік реформаларды дайындау комиссияларының материалдары, жаңа басқару жүйелерінің кезең-кезеңмен енгізілуінің империя үшін қажеттілігі, губерниялық және генерал-губернаторлық басқару жүйесінің енгізілу процесстері, округтік, дистанциялық, болыстық басқару, әскери шептер мен бекіністер, қазақ жерлерінің орыс шаруаларымен отарлануы, олардың бірнеше заңнамалық актілердің негізінде жүзеге асырылғаны талқыланды. Ғылыми қоғамдардың және Алаш қайраткерлерінің Ресей империясының ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында жүргізген аймақтық саясаты жөніндегі зерттеулері мен еңбектері талданды.
Батыс Сібір аймағын игеру шаралары, қазақ даласындағы басқару формаларының әртүрлілігі және қазақ қоғамының жаңа жағдайларға бейімделуі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Батыс Сібір қазақтарын басқару құрылымдары мәселесін архивтік құжаттар негізінде кешенді түрде қарастыруға талпыныс жасалды.
Кіріспе сөзді тарих және этнология институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор З. Қабылдинов сөйледі. Конференцияға Иркутск қаласындағы (Ресей) Байкал мемлекеттік университетінің отандық тарихты зерттеу ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Л.М. Дамешек, Мемлекет тарихы институтының профессоры, тарих ғылымдарының докторы А.М. Ауанасова, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, жоба жетекшісі Б.С. Абенова, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Г.Ы. Купенова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан филиалының профессоры тарих ғылымдарының докторы Ж.А. Ермекбай және басқа да ғалымдар қатысты. Конференция тақырыбына Ресей, Өзбекстан, Венгрия ғалымдары ерекше қызығушылық танытты.
Форум барысында конференция материалдарының Жинағы таныстырылып, қатысушыларға таратылды.