Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2024 жылғы 7 қарашада «1920-1930 жылдардағы панасыз балалар тарихының зерттелуі мен проблемалары» атты республикалық ғылыми-әдістемелік семинар өткізді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «1920-1930 жылдардағы Қазақстан мен шектес елдер аумағындағы балалар панасыздығының проблемасы» (ИРН AP23488331) гранттық қаржыландыру жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – 1920-1930 жылдары отандық және шетелдік тарихнамада Қазақстан мен көршілес елдер аумағындағы балалар панасыздығы проблемасын зерделеудің әдіснамалық тәсілдерін, сондай-ақ зерттеу тақырыбы бойынша жаңа дереккөздерді анықтау, жинау және оларды ғылыми айналымға енгізу мәселелерін талқылау.
Ғылыми-әдістемелік семинар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы З.Е. Қабылдиновтың алғысөзімен ашылып, Зиябек Ермұханұлы Институтымызда жүзеге асырылу барысындағы жобалар туралы таныстырып, соның ішінде «1920-1930 жылдардағы Қазақстан мен шектес елдер аумағындағы балалар панасыздығының проблемасына қатысты жобасын зерттеудің маңыздылығына тоқталып өтті.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Оразгүл Хасенқызы Мұхатова 1920-1930 жылдардағы панасыз балалар тарихының зерттелуі мен проблемалары туралы презентация арқылы таныстырып, баяндама жасады. Оразгүл Хасенқызы баяндама барысында «Панасыз бала деген дұрыс па, қамқорсыз бала деген дұрыс па?» деген сауал көтерді. Қатысушылардан пікір білдірушілер қамқоршысыз бала дегеніміз зерттеу тақырыбын аша түсетіндігіне тоқталды. Сонымен қатар баяндамашы тақырыптың зерттелуі бойынша шетелдік және отандық тарихнамасына шолу жасай келіп, А.И. Зактың, А.С. Макаренконың, Н.К. Крупскаяның, Е.Д. Кускова, И.В. Зезинаның, Н.В. Мананникованың, А.Б.Бисенованың, Қ. Алдажұмановтың, Қ. Құсайыновтың, Э.Баймағамбетованың, Т. Қаленованың және т.б. ғалымдардың еңбектерінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ сол кезеңдегі мерзімді баспасөзде және қазіргі уақытта жарияланған мақалаларды зерделеудің тақырыпты жан-жақты ашуға септігін тигізетіндігін алға тартты. ХХ ғасырдың 20-40-жылдарындағы Қазақстандағы панасыз балалар тарихын зерттеген Г. Сүгірәлімованың кандидаттық диссертациясын атап өтті. Оразгүл Хасенқызы 1920-1930 жылдардағы балалар үйлерінің қалыптасу тарихы мен дамуына да тоқталды. Ол панасыз балалар тарихы бойынша құжаттар жинақтарының қатарында Е. Сыдықовтың 2010 ж. Батыс Сібірге босқан қазақтар жөнінде шыққан «Гонимые голодом» атты құжаттар жинағы және 2021 жылы жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928–1934. Документальная хроника» 3 томдық құжаттар жинақтарын келтірді. Баяндама соңында Оразгүл Хасенқызы панасыз балалар тарихын жазуда келесі түйткілдердің шешілуін ұсынды:
«- панасыз балалар ұғымын қайта қарау;
– панасыз балалар санаттарын айқындау;
- панасыздықтың шығу себептерін нақтылау;
- панасыз балалардың санын анықтау;
- жалған панасыздық жағдайларын және олардың әшкереленуін зерделеу;
– балалар үйі және панасыздық мәселелерінің ара жігін ашу;
- панасыздықтың заңнамалық негіздерінің тархын және маңызын айқындау;
- панасыз балалар мәселесінің жойылуы түйткілдерін қайта қарау».
Ғылыми-әдістемелік семинарға офлайн-онлайн түрде панасыз балалар тарихының зерттелуіне қызығушылық білдірген 50-ге жуық ғалымдар, оқытушылар, докторанттар және т.б. қатысты. Баяндамадан соңғы талқылау барысында тарих ғылымдарының кандидаты Г.Ү. Орынбаева, PhD доктор М.М. Қозыбаева, тарих магистрі А.А. Бекенова, докторант Е. Сауырқан өз пікірлерін білдіріп, баяндама тақырыбына қатысты сауалдарын қойды. Қарағанды университетінің оқытушысы Т. Сакабай осы тақырып төңірегінде зерттеу жүргізіп жүргендігін, архивтерде жұмыс барысында балалар үйлеріндегі балалардың санының мемлекет тарапынан қаржыландыруды көбірек алу мақсатында әдейі көбейтілгендігі жөнінде анықтағандығы туралы зерделеу нәтижесімен бөлісті. PhD доктор М.М. Қозыбаева жобаны зерттеу барысында ашаршылық, репрессия нәтижесінде шектес мемлекеттерге кеткен қамқорсыз балалар тарихы туралы да зерделенетіндігін, ашаршылық кезінде Қырғыстан, Батыс Сібір, Оңтүстік Сібірге т.б. шектес жерлерге кеткен қазақ балаларының тағдырын зерттей отырып, сол елдердегі балалар қамқорсыздығымен күрестің қалай жүргізілгендігіне салыстырмалы талдау жасау қажеттігін атап өтті.
«1920-1930 жылдардағы Қазақстан мен шектес елдер аумағындағы балалар панасыздығының проблемасы» атты жобасын зерттеу барысында осы ғылыми-әдістемелік семинар барысында талқыланған мәселелер зерделеніп, өз нәтижесін береді деп күтеміз.