Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2024 жылғы 21 қараша сағат 11.00-де «Зұлмат куәгерлерінің және ұрпақтарының естеліктері тарихи дерек ретінде» тақырыбында ғылыми-методологиялық семинар өткізілді.
Ғылыми-методологиялық семинар «Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық куәгерлерінің және олардың ұрпақтарының естеліктер сериясын дайындау және басып шығару» БНҚ жобасын жүзеге асыру аясында жүзеге асырылды. Ғылыми-методологиялық семинар мақсаты – Қазақстандағы зұлмат жылдарындағы жаппай ашаршылық куәгерлерінің және олардың ұрпақтарының естеліктерін тарихи дерек ретінде пайдаланудың маңызына баға беру және естеліктерді зерттеудің методологиясын талқылау. Талқылаудың негізгі бағыттары:
- естеліктердің тарихи дерек ретіндегі өзіндік ерекшеліктерін анықтау;
- естеліктердің мазмұны және тарихты зерттеудегі орны мен рөлін айқындау;
- аштық куәгерлерінің көрсеткен ашарлышық себептері мен халықтың жаппай қырылуына ықпал еткен факторларды талдау;
- куәгерлердің ашаршылық жылдарында бастан кешірген оқиғаларын жүйелеу;
- оқиға куәгерлерінен немесе олардың ұрпақтарынан сұхбат алу әдістерін талдау;
- естеліктерді дерек ретінде пайдаланудың және оларды зерттеудің метологиясын талқылау.
Ғылыми-методологиялық семинар Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ш.Б. Тлеубаевтың алғысөзімен ашылды. Шәмек Баянұлы Қазақстандағы ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық тарихына қатысты халық жадындағы естеліктердің құнды дерек ретіндегі маңыздылығына, айтылған тарих жанрында зерттеулер жүргізу әдістеріне тоқталды. Сонымен қатар, атадан балаға ауызша беріліп келген тарихымыздың архив қорларындағы естеліктердің қолжазбаларында кездесетіндігін атап өтті. Жүзеге асырылу барысындағы жоба аясында жинақталған Алматы облысы бойынша 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық куәгерлерінің және олардың ұрпақтарының естеліктерінің де ерекшелігіне баса назар аударды.
Негізгі баяндамашы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы О.Х. Мұхатова зұлмат куәгерлерінің және ұрпақтарының естеліктері тарихи дерек ретінде пайдаланудың әдіс-тәсілдері бойынша баяндама жасады. Оразгүл Хасенқызы «Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық куәгерлерінің және олардың ұрпақтарының естеліктер сериясын дайындау және басып шығару» БНҚ жобасы бойынша 20 том жинақ дайындалатынын, ағымдағы жылы екі томы даярланып, жариялатынын хабарлады.
Сондай-ақ, іс-шара барысында институтымыздың жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының канидидаты, қауымдастырылған профессор Ә.Қ. Шашаев, ғылыми қызметкер, тарих магистрі А.А. Бекенова, кіші ғылыми қызметкер, магистр Е. Сауырқан естеліктерді жинақтау барысындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар жұмысына, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалым-хатшысы, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Н.Н. Курманалина, аға ғылыми қызметкер докторант А.Д. Арепова, кіші ғылыми қызметкер, магистр К. Нұртайұлы т.б. институт қызметкерлерімен қатар, онлайн түрде Қазақстанның өңірлерінен: Астана, Алматы, Тараз, Өскемен, Семей т.б. қалалардан 60-қа жуық тарихшы ғалымдар, ЖОО оқытушылары, докторанттар мен магистрлер қатысып, өз пікірлерін білдірді. Ғылыми-методологиялық семинар тақырыбына қызығушылық білдірушілер тарапынан қойылған сұрақтарға Институт ғалымдары жауаптарын беріп, болашақта да сұрақтары болса жауап беруге дайын екендігі айтылды.
Қорыта келгенде, «Зұлмат куәгерлерінің және ұрпақтарының естеліктері тарихи дерек ретінде» тақырыбындағы ғылыми-методологиялық семинар еліміздің өңірлеріндегі 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық тақырыбына, ашаршылық куәгерлерінің және ұрпақтарының естеліктерінің тарихи дерек ретінде пайдалануға қызығушылық білдіруші ғалымдардың басын қосып, ғылыми көзқарастарымен бөліскен нәтижелі семинар болды. «Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық куәгерлерінің және олардың ұрпақтарының естеліктер сериясын дайындау және басып шығару» БНҚ жоба орындаушыларына 20 том естеліктерді жинақтауда, олардан еліміз үшін маңызды ғылыми тұжырымдар жасауда шығармашылық табыс, Отанымыздың тарихын дамыту жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін демекпіз.
https://drive.google.com/drive/folders/1-sQUzm9P0BsnKqBE8QEujKvtGzhiX5YX?usp=drive_link