2024 жылдың 25 желтоқсанында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «ХІІ Нүсіпбеков оқулары» аясында «Тарих ғылымындағы жас ғалымдар: қазіргі жағдайы және зерттеу мүмкіндіктері» атты жас тарихшы ғалымдардың VIII Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Конференцияның басты мақсаты – жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолдау, олардың тарих ғылымындағы жаңалықтары мен зерттеу бағыттарын көрсету.
Конференцияға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің докторанттары, магистранттары, студенттері мен жас ғалымдары қатысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, М.Өтемісов атындағы БҚУ, М.Әуезов атындағы ОҚУ, С.Аманжолов атындағы ШҚУ, Астана халықаралық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті және басқа да оқу орындарынан жас зерттеушілер түрлі тақырыптарда баяндамалар жасап, өздерінің ғылыми ізденістерімен бөлісті.
Конференцияның пленарлық отырысын модераторлар ретінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Тілеубаев Шәмек Баянұлы, Тарихи демография бөлімінің меңгерушісі, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Әпендиев Тимур Әкімханұлы және Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы Қоңқабаева Арайлым Нұрболатқызы жүргізді.
Конференцияның ашылуында құттықтау сөз Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, т.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Қабылдинов Зиябек Ермұқанұлына берілді. Ол академик Ақай Нүсіпбековтің шығармашылық мұрасына тоқталып, институт қабырғасында атқарылып жатқан ғылыми жұмыстардың барысымен таныстырып өтті.
Пленарлық отырыста алғашқы баяндаманы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың аға оқытушысы Светлана Геннадьевна Белоус жасады. Ол өз баяндамасында Қазақстанның тарихи жадын қалыптастырудағы ауызша тарихтың зерттеу әдістерін қарастырды. Келесі баяндамашы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің докторанты Төлегенов Абылай Көпбергенұлы Қызылорда облысында бағбандық қызмет атқарған Қаршыға Жәлімбетовтың өмірі мен мұрасын талдай отырып, жергілікті өңірдің дамуына қосқан үлесін баяндайды. ҚР Президенті Архивінің ғылыми қызметкері Байқаш Жібек Тұрарбекқызы екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақстандық әскери тұтқындардың естеліктеріне талдау жасады.
Конференцияда жас ғалымдар өздерінің зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісіп, жаңа ғылыми идеялар мен әдіс-тәсілдерді ұсынды.
Жас ғалымдарды қолдау мақсатында конференцияның қорытындысы бойынша арнайы қаржылай сыйақы тағайындалды. 40-қа жуық мақала арасынан тәуелсіз эксперттер бірінші орынға Төлегенов Абылай Көпбергенұлы, екінші орынға Белоус Светлана Геннадьевна, үшінші орынға Досқараева Айжан Асхатқызыны лайық деп таниды. Оларға қаржылай сертификаттар табыс етілді.
Бұл конференция жас ғалымдар үшін ғылымдағы маңызды бағыттар мен жаңа мүмкіндіктер туралы ой бөлісіп, зерттеулерін одан әрі дамытуға арналған тиімді алаңға айналды. Жас тарихшыларға ғылыми жолында сәттілік пен шығармашылық табыс тілейміз!


#ЖасҒалымдар #Тарих #Қазақстан #ҒылымиКонференция #Зерттеулер #НүсіпбековОқулары #ТарихиҒылым