Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының БҒҚ, т.ғ.д., профессор О.Х. Мухатова мен ЖҒҚ., т.ғ.к. А.Т. Қайпбаева 2025 жылдың 16 – 28 наурызы аралығында «1920–1930 жылдардағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» атты гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобаны жүзеге асыру аясында Өзбекстан республикасының Ташкент қаласына ғылыми іс-сапар жұмысын жүзеге асырды. Ғылыми іс-сапардың мақсаты – Ташкент қаласындағы архив және кітапхана қорларындағы 1920–1930 жылдардағы ашаршылықтың, қуғын-сүргін саясатының салдарынан іргелес елдерге көшуге (оның ішінде Өзбекстанға) мәжбүр болған босқын қазақтар қатарындағы панасыз қалған балалар тарихын, яғни сол елде орналасу ерекшеліктерін және олардың тағдырын зерделеу. Бұдан өзге, ұлттық азшылықты құрайтын (Нацмен) балаларды тәрбиелеген мекемелердің қызметін көрсету т.б. тақырыпқа қатысты тың деректерді зерделеу, сараптау және құндылығына қарай материалдарды толыққанды жинақтау болып табылады.
Ташкент қаласында Өзбекстан республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларында сақталған құжаттар негізінде жоба тақырыбына қатысты құжаттар анықталып, тарихи құндылығының ерекшеліктері ескерілу жолымен іріктелді, археографиялық зерттеулер жүргізілді. Сондай-ақ, A. Наваи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасы және М. Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті кітапханаларындағы деректер мен ғылыми зерттеулер қарастырылып, материалдарды жинақтау шаралары атқарылды. Осы орайда, Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20-30 жж. жаппай ашаршылық салдарынан орын алған қазақтардың мәжбүрлі босқыншылық тарихына қатысты архив құжаттары анықталып, диссертациялар, архив құжаттарының жинақтары, монографиялар және баспасөз құралдары негізіндегі құнды материалдардың көшірмелері алынды.
Сонымен қатар, ғылыми мекемелермен әріптестік байланыс аясында да ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, М. Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінде ұйымдастырылған «Толерантность– гарант мира, солидарности между гражданами, межнационального и межрелигиозного согласия» халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция жұмысына қатысып, шетелдік ғалымдармен әріптестік ғылыми байланыстар жөнінде, ғылыми жоба аясында пікір бөлісіп, ғылыми еңбектерді сыйға тартумен қорытындыланды.

Өзбекстан республикасының Орталық мемлекеттік архивінде


М. Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінде ұйымдастырылған «Толерантность– гарант мира, солидарности между гражданами, межнационального и межрелигиозного согласия» ХҒТ конференцияда

A. Наваи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасында