2025 жылғы 26 сәуірде «1931-1933 жылдардағы ашаршылық: Алматы облысы бойынша нәубет куәгерлері мен ұрпақтарының естеліктері» сұхбат материалдарының жинағына Қарасай ауданы бойынша сұхбат беруші аталармен және апалармен кездесу өткізілді. Алматы облысы, Қаскелең қаласы, Қарасай аудандық кітапханасының оқу залында өтті. Кездесу Қаскелең қалалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Тәкебаев Қанат Тұрсынұлының алғысөзімен ашылып, Қарасай ауданының өлкетанушысы Шуашева Тұрсынбала Нұрсейітқызы 1931-1933 жылдардағы Қарасай ауданының тарихына тоқталды.

Кездесу барысында Ш.Ш. Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институты Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, т.ғ.д., профессор З.Е.Қабылдиновтың алғысхаттары мен «1931-1933 жылдардағы ашаршылық: Алматы облысы бойынша нәубет куәгерлері мен ұрпақтарының естеліктері» сұхбат материалдарының жинақтары аталар мен апаларға берілді. Жандосов ауылының тұрғыны Дадан Елена құттықтау сөз сөйлеп, 1931-1933 жылдардағы Жандосов ауылының тарихын айтып өтті. Аталарымыз бен апаларымыз Институт басшылығы мен ұжымына алғыстарын білдіріп, баталарын берді.
Сонымен қатар, Ш.Ш. Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институты және Қарасай аудандық кітапханасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қарасай аудандық кітапханасының директоры Ұ.К. Өтеева Ш.Ш. Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институты тарапынан берілген 300-ге тарта кітаптар үшін алғысын білдіріп, өзара ынтымақтастықтың нәтижелі болуына тілегін білдірді.
Келе алмаған аталар мен апаларға ауылдастары арқылы және жекелей жеткізіліп алғысхаттар мен кітаптар берілді:



Қорыта келгенде, кездесу нәтижелі өтіп, аталарымыз бен апаларымыз ризашылықтарын білдірді. «1931-1933 жылдардағы ашаршылық: Алматы облысы бойынша нәубет куәгерлері мен ұрпақтарының естеліктері» сұхбат материалдарының жинағы» еліміздің тарихын толықтырып, келер ұрпаққа үлгі боларлық еңбек болғай деген ниеттеміз.

