Осыған орай Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және Беларусь Ұлттық ғылым академиясының Тарих институты Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді. Конференция 2025 жылғы 6 мамырда өтеді және BR20280975 нөмірлі бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылады.
Конференция тақырыбы: «Қазақстан және қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі».
Конференцияның мақсаты – батырлар ерлігіне тағзым ету ғана емес, сонымен қатар соғыстың тарихи сабақтарын терең түсініп, олардың ұлттық бірлік пен заманауи қоғамның тарихи жадысына әсерін зерделеу. Бұл ғылыми алаңға тарихшылар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ жас зерттеушілер – докторанттар мен магистранттар қатысады деп күтіледі.
Өтетін орындар:
- Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28, «Ғылым ордасы» ғимараты, 208-кабинет
- Астана қаласы, К. Мұнайтпасов көшесі, 11, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 5-оқу ғимараты (УЛК), 821-аудитория
Кіру коды: 434291
Ұйымдастырушылар конференция халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми идеялармен алмасуға және тарихи мұраны сақтауға өз үлесін қосатын маңызды алаңға айналады деп сенеді.
Барлық мүдделі ғалымдар мен зерттеушілерді белсенді қатысуға шақырамыз!