2025 жылдың 6 мамырында Алматы және Астана қалаларында «Қазақстан мен қазақстандықтардың Жеңіске қосқан үлесі (Кеңес халықтарының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне 80 жыл)» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды.

Конференцияны Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасы және Беларусь Ұлттық ғылым академиясының Тарих институты бірлесіп өткізді. Конференция BR20280975 «Қазақ мемлекеттілігінің тарихи дәстүрлері және ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелері» іргелі ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды.
Конференцияға танымал тарихшылар, ЖОО оқытушылары, докторанттар мен магистранттар қатысты. Қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Отан соғысының өзекті мәселелерін, қазақстандық жауынгерлер мен тұтқындардың тағдырын, тарихи жады мен ғылыми ынтымақтастықты талқылады.

Шара жастарды патриотизм рухында тәрбиелеуге, тарихи жадымызды сақтауға және ардагерлер ерлігін дәріптеуге арналған маңызды алаң болды. Конференция қорытындысы бойынша электрондық ғылыми жинақ жарық көреді.
