«Орталық Азияның мәдени мұрасындағы ежелгі жартас өнері»: I Халықаралық форум нәтижелері


2025 жылғы 5 мамыр күні Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімі Жамбыл ауданы Қарабастау ауылына орналасқан «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында «Орталық Азияның мәдени мұрасы контекстіндегі ежелгі жартас өнері» 1-ші халықаралық форум  аясында «Қазақстан территориясындағы ортағасырлық түркі мемлекеттері: тарихи сабақтастық пен мемлекеттілік» атты жоспарланған дөңгелек үстел өткізді. 

 Институтымыздың Бас директоры Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы басшылығымен жыл басында алдын-ала уағдаласып, біріккен іс-шаралар, зерттеулер өткізу туралы келіскен болатын. Бұл форум осы келісімнің  алғашқы нәтижесі болып табылады. Форум барысында  «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы мен Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты арасында өзара ынтымақтастық туралы  меморандумға қол қойылды. Меморандум шеңберінде ғылыми байланыстарды нығайтып, біріккен жобалар, іс-шаралар жасауды жалғастыру жоспарланды.

Іс-шара барысында, бөлім меңгерушісі, т.ғ.к. Жанымхан Ошанның «V-Х ғасырлардағы түркі тайпаларының қалыптасу үдерісі: тарихи деректанулық талдау» атты еңбегінің, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы ның «Бағдар кітапшасының» тұсаукесерлері болды.

Форум кезінде еліміз бен іргелес елдер тарихына қатысты А. Рогожинский, Моңғолиялық әріптесіміз Мүшелхан Әділбек, Ирандық ғалым Нұри Мұстафа мағыналы да мәнді баяндамалар жасады. Сонымен қатар бас директордың халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., PhD Ж. Жеңістің, бөлім меңгерушісі, т.ғ.к. Ж. Ошанның, ғылыми қызметкер, тарих магистрі А.Бекенованың, кіші ғылыми қызметкер, магистр К.Нұртайдың баяндамалары да қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Соңында қонақтарға «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының кешендеріне экскурсия жасалып, тастарға қашалған суреттері таныстырылды. «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы басшылығы мен ұжымына алғысымызды білдіре отырып, өзара ғылыми байланыстарымыз жалғасын табады деген сенімдеміз.