Алматы, 2025 жылғы 29 мамыр – 2025 жылғы 28-29 мамыр аралығында Алматы қаласына Польша Ғылым академиясының ресми делегациясының сапары аясында қазақстандық ғылыми мекемелермен бірқатар кездесулер өтті. Польша тарапы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына ерекше қызығушылық танытты.
Польша Ғылым академиясының делегациясын Президент, профессор Марек Конажевский басқарды. Делегация құрамына сонымен қатар: профессор Аркадиуш Новак (Польша Ғылым академиясының Повсиндегі Ботаникалық бағының директоры), профессор Ярослав Столарски (Польша Ғылым академиясының Палеобиология институтының директоры), профессор Анна Высоцкая (Польша Ғылым академиясының Геологиялық ғылымдар институты директорының ғылыми мәселелер жөніндегі орынбасары), доктор Катажина Кошч-Рыжко (Польша Ғылым академиясының Археология және этнология институты) және доктор Анна Платер-Зиберк (Польша Ғылым академиясының Халықаралық қатынастар бюросының директоры) кірді.
Кездесулер барысында қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын, этнографиясын, ұлттық азшылықтарды, Қазақстанға қоныс аударған поляк диаспорасының тарихын зерттеу саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ мұрағат және музей деректеріне қол жеткізу мүмкіндіктері талқыланды. Сапардың мақсаты – өзара тиімді ғылыми ынтымақтастық бойынша пікір алмасу.
Польша тарапы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басшылығымен және бірқатар қазақстандық зерттеу институттарымен кездесулерді ұйымдастыруға мүдделі екенін білдірді.


