2025 жылғы 28–29 мамырда Алматы қаласында Польша ғылым академиясының ресми делегациясы сапармен болды. Сапар аясында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлері мен Польша ғылым академиясы Археология және этнология институтының этнология бөлімінің меңгерушісі, доктор Катажина Кошч-Рыжко арасында жұмыс кездесуі өтті.
Институт атынан кездесуге этнология және антропология бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты А.Т. Абдулина және жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының кандидаты Г.У. Орынбаева қатысты.
Кездесу барысында Қазақстанға жер аударылған поляктар мен жергілікті қазақ халқы арасындағы этносаралық байланыстар тақырыбы бойынша бірлескен зерттеу жобалары талқыланды. Әсіресе, қоныс аударушылардың өмір сүруіне мүмкіндік берген өзара көмек тәжірибелері — саман үйлер салу, жергілікті дақылдарды өсіру, ауылшаруашылық дағдылары және мәдени алмасу — зерттеу нысанасы ретінде қарастырылды.
Сонымен қатар, Польшадағы қазақ диаспорасы мен Қазақстандағы поляк диаспорасын зерттеу мәселелері бойынша да қызығушылық білдірілді. Бұл болашақта пәнаралық ғылыми байланыстарға жол ашады.
Кездесу аясында этнография мен екі халықтың тарихи-мәдени мұрасын зерттеу салаларында серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.
Доктор Катажина Кошч-Рыжко Польша ғылым академиясы Археология және этнология институты шығаратын екі ғылыми журнал — Etnografia Polska және Archeologia Polski туралы ақпарат берді. Бұл басылымдар Scopus дерекқорына енген және жоғары рейтингке ие. Мақалалар ағылшын тілінде қабылданады.
🔗 Журнал сілтемелері:
• Etnografia Polska
• Archeologia Polski