Улан-Батор қаласына ғылыми іс-сапар қорытындысы


2025 жылдың 6-27 мамыр аралығында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, атап айтқанда аталған институттың жетекші ғылыми қызметкері т.ғ.к., А.Т. Қайпбаева мен кіші ғылыми қызметкер, PhD докторант Е. Сауырқан «1920–1930 жылдардағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» атты гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобаны жүзеге асыру аясында Моңғолия мемлекетінің Ұлан-Батыр қаласы мен Баян-Өлгий аймағында іссапар жұмысын жүзеге асырды. Ғылыми іссапардың негізгі мақсаты – Ұланбатыр қаласы мен Баян-Өлгий аймағы архив және кітапхана қорларындағы ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы жаппай ашаршылық пен сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан іргелес елдерге босқын ретінде көшуге (оның ішінде Қытай және Моңғолияға) мәжбүр болған қазақтардың тарихы, сонымен бірге зұлмат жылдары панасыз қалған қазақ балаларының тағдырларын зерттеу, сондай-ақ беймәлім деректерді анықтау, зерделеу, сараптау және тарихи хронологиясына қарай материалдарды жинақтау.

Ұлан-Батыр қаласында Моңғолия Республикасының ұлттық архиві қоры мен Моңғолия ұлттық кітапханасы, Баян-Өлгий аймағының Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханасында деректер мен ғылыми зерттеулер негізінде жұмыстар жасалды. Осы орайда, Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20-30 жж. мал-мүлікті тәркілеу мен жаппай ашаршылық салдарынан орын алған қазақтардың мәжбүрлі босқыншылық тарихына қатысты архив құжаттары анықталды, сонымен қатар Моңғолия қазақтарының ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі саяси, әлеуметтік тарихына қатысты құнды деректер және архив құжаттарының жинақтары, зерттеу еңбектері мен баспасөз құралдары негізіндегі құнды материалдардың көшірмелері алынды.

Бұдан бөлек, Моңғолиядағы қоғам қайраткерлері мен жазушы, өлкетанушы ғалымдардан және зұлмат жылдары Моңғолияға асқан кейбір қазақтардың ұрпақтарынан сұхбат алынды.

Қортындылай келгенде іссапар бойынша қойылған мақсат-міндеттер өз дәрежесінде орындалды. Сонымен бірге ғылыми іссапар барысында Қазақстанның қазіргі заман тарихы, жоба тақырыбы аясында ғылым және мәдени мекемелерде зерттеу жұмысын жүргізу, сондай-ақ, 1921–1923 және 1932–1933 жылдардағы ашаршылықтың, қуғын-сүргін саясатының салдарынан балалар панасыздығының пайда болуы, Қазақстандағы кеңестер билігінен бастау алатын «кеңес адамын қалыптастыру» мақсатындағы жұмыстарының ерекшеліктеріне т.б. мәселелерге қатысты материалдар бойынша Монғолия республикасының Ұлттық архиві қорларынан ғылыми айналымға қосуды қажет ететін бірқатар мәселелер анықталды. Архив құжаттарының көшірмелері алынды.

Жалпы, Улан-Батыр (Монғолия Халық Республикасы) қаласындағы архивтер мен кітапханалары қорындағы кітаптар мен фотолар және баспасөз материалдарын саралауға арналған жұмыстар нәтижелі болды. Зерттеу тақырыбына қатысты материалдарды терең салыстырмалы талдап, байыпты тұжырым жасау кезек күттірмес мәселе.