АҚПАРАТТЫҚ ХАТ


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІ

Ш.Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ

Құрметті әріптестер!

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты 2025 жылғы 12 маусымда «Қазақстан тарихына қатысты Қытай деректері және оның игерілу ахуалы» атты ғылыми семинар өткізеді. Ғылыми семинардың мақсаты – Қазақстан тарихына қатысты Қытай деректерінің мазмұнын, түрлерін және ғылыми айналымға енгізілу деңгейін саралау. Семинар барысында қытай тіліндегі жазба ескерткіштер мен архивтік құжаттарда кездесетін Қазақстан аумағына, қазақ халқының этникалық және саяси тарихына қатысты мәліметтерге назар аударылады.

Сонымен қатар, бұл деректердің қазіргі қазақ тарихнамасында қолданылу ерекшеліктері, аударма мен интерпретация мәселелері, сондай-ақ игеру мәселелері кеңінен талқыланады. Семинардың түпкі мақсаты – Қытай деректерін ғылыми айналымға кеңінен енгізу жолдарын қарастырып, оларды отандық тарихты жаңаша пайымдауда тиімді пайдаланудың мүмкіндіктерін көрсету.

Қытай деректері – Қазақстан тарихының ерте және орта ғасырлар кезеңін, әсіресе түркі халықтарының қалыптасуы мен олардың Қытаймен қарым-қатынастарын зерттеуде маңызды қайнар көздердің бірі. Бұл дереккөздерде ежелгі және ортағасырлық тайпалар, олардың көші-қоны, саяси құрылымы мен сыртқы байланыстары жайлы мол мәліметтер кездеседі. Алайда, олардың тілдік ерекшелігі мен тарихи-мәдени контекстінің күрделілігі бұл материалдарды игеруді қиындатып отыр.

Семинар шеңберінде аталмыш деректердің ғылыми айналымға тартылуындағы өзекті мәселелер мен перспективалар да қозғалады. Атап айтқанда, жас зерттеушілерге Қытай мұрағаттары мен тарихи мәтіндерімен жұмыс істеудің әдістемелік қырлары таныстырылып, болашақта жүзеге асырылуы мүмкін ортақ зерттеу жобалары мен аударма бастамалары жөнінде ұсыныстар беріледі. Осылайша, семинар Қазақстан тарихының шетелдік дереккөздер арқылы жан-жақты зерттелуіне үлес қосуды көздейді.

Ғалымдарды, мамандарды, докторанттар мен магистранттарды, студенттерді «Іргелес елдер тарихын зерттеудің бүгінгі және алдағы өзекті мәселелері» атты ғылыми семинарға қатысып пікір білдіруге шақырамыз.

Ғылыми семинардың уақыты: 12.06.2025 ж., сағат 12.00.

Zoom идентификаторы: 815 5103 3652.

Zoom коды: 217842.

Ұйымдастыру комитеті