XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ-қырғыз тарихы атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның өткізілуі туралы
2025 жылғы 12 маусымда Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінде «XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ-қырғыз тарихы» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция университеттің шағын акт залында өтіп, Қазақстан мен Қырғызстанның жетекші тарихшылары, ғалымдары мен зерттеушілерін бір арнаға тоғыстырды.
Іс-шараға қырғыз тараптың шақыруымен келген қазақстандық әріптестердің қатысуы конференцияның маңыздылығын арттырды. Ғылыми ынтымақтастық аясында Алматы қаласындағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының өкілдері құрамында Қазақстан делегациясы Қырғызстанға сапар шегіп, ортақ тарихи мәселелерді талқылап, академиялық тәжірибе алмасты.
Конференцияның ашылуында құттықтау сөз сөйлегендер:
- Чонтоев Д.Т. – Ж. Баласагұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры, Ph.D., профессор;
- Арслан Қапайұлы – Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі;
- Молдокасымов К.С. – Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы «Мирас» қорының өкілі;
- Асанканов А.А. – Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Б. Жамгирчинов атындағы Тарих, археология және этнология институтының директоры, академик.
Пленарлық мәжілісте Қазақстан мен Қырғызстаннан келген ғалымдар баяндамалар жасады. Қазақстаннан қатысқан қонақтар:
- Тілеубаев Шәмек Баянұлы – тарих ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының орынбасары – «XX ғасырдың басындағы қазақ-қырғыз зиялыларының өзара байланысы» баяндамасы;
- Оразов Рашид Ешенұлы – тарих магистрі, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері – «Кенесары ханның соңғы шайқасы: барысы мен салдары» баяндамасы;
- Қойгелдиев Мәмбет Құлжабайұлы – ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы – 1840-жылдардағы Жетісу өңіріндегі саяси жағдай туралы баяндамасы;
- Нәбижан Мұхамметханұлы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы – XVIII ғасырдағы қазақ-қырғыз қатынастары туралы баяндамасы.
Қырғыз тарапынан Ж. Баласагұн атындағы ҚҰУ, К. Карасаев атындағы БГУ және Қырғызстан ҰҒА Тарих институтының ғалымдары баяндама жасады.
Конференция Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және екі ел зерттеушілерінің гуманитарлық әрі тарихи саладағы әріптестікті дамытуға ниетті екенін көрсетті.
Конференция қорытындысы бойынша ғылыми еңбектер жинағын шығару жоспарланып отыр.