2025 жылғы 12 маусымда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстан тарихына қатысты Қытай деректері және оның игерілу ахуалы» атты ғылыми семинар өтті. Іс-шараны Институттың Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімі ұйымдастырды.
Ғылыми семинардың мақсаты Қазақстан тарихына қатысты Қытай деректерінің мазмұнын, түрлерін және ғылыми айналымға енгізілу деңгейін саралау. Семинар барысында қытай тіліндегі жазба деректер мен архивтік құжаттарда кездесетін Қазақ даласына қатысты, қазақ халқының этникалық және саяси тарихына қатысты мәліметтерге назар аударылды. Сонымен қатар, бұл деректердің қазіргі қазақ тарихнамасында қолданылу мәселелері, сондай-ақ игеру мәселелері кеңінен талқыланды. Семинардың түпкі мақсаты Қытай деректерін ғылыми айналымға кеңінен енгізу жолдарын қарастырып, оларды отандық тарихты жаңаша пайымдауда тиімді пайдаланудың мүмкіндіктерін көрсету.
Ғылыми семинарды Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы алғысөзін бастап, Қытай деректері Қазақстан тарихының ерте және орта ғасырлар кезеңін, әсіресе түркі халықтарының қалыптасуы мен олардың Қытаймен қарым-қатынастарын зерттеуде маңызды қайнар көздердің бірі екенін атап өтті.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ежелгі және орта ғасырлардағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы бөлімі кіші ғылыми қызметкері, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің докторанты Сауырқан Елдос негізгі ғылыми семинарда баяндама жасады. Ол өз баяндамасында қазақ тарихына қатысты қытай деректерінің жалпы жағдайына шолу жасай отырып, деректердің ғылыми айналымға енгізу және оны пайдаланудың өзектілігі атап өтті. Атап айтқанда, алдыңғы буынның қазақ тарихына қатысты қытай мұрағат құжаттары мен істелген зерттеулерге шолу жасады.
Баяндамада Қытай деректерін игерудің тарихнамасын үш кезеңге бөліп, әр бөлегі жеке қарастырылды:
Алғашқы кезең (XIX ғ. соңы – XX ғ. басы) Бұл кезең – Ресей шығыстану мектебінің қалыптасу уақыты. Қытай жазбаларын ғылыми айналымға енгізудің бастапқы ғылыми жұмыстары жасалды;
Кеңестік кезеңдегі зерттеулер (1920–1991);
Тәуелсіз Қазақстан кезеңі (1991 жылдан бүгінге дейін).
Семинар барысында қатысушылар арасында мазмұнды пікір алмасу мен ғылыми талқылау өтті. Бұл іс-шара Қытай деректерін отандық тарихты жаңаша пайымдауда тиімді пайдаланудың жолдарын көрсетуге және ғылыми зерттеулердің жаңа көкжиегін ашуға бағытталған маңызды семинар болды.

