Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлерінің Омбы қаласына ғылыми іссапары туралы
2025 жылғы 4–16 маусым аралығында Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы З.Т. Садвокасова және зерттеу тобының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты А.Т. Ахметжанова «Қазақстанның дала облыстарындағы уездік басқармалар және патша үкіметінің отарлық саясаты (ХІХ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басы)» атты ғылыми гранттық жоба аясында Ресей Федерациясы, Омбы қаласына ғылыми іссапар жасады.
Іссапар мақсаты – Омбы облысының тарихи архиві мен А.С. Пушкин атындағы Омбы мемлекеттік облыстық ғылыми кітапханасынан құжаттық материалдар жинап, оларды жобалық құжаттар жинағын, монография мен ғылыми мақалаларды дайындау барысында қолдану.
Іссапар барысында архив қорларынан құнды құжаттар табылып, Омбы тарихшыларының Омбы облысының 200 жылдығына, патшалық әкімшілік саясатына, мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мәселелеріне, орыс және қазақ халықтарының қарым-қатынасына арналған еңбектері зерттелді.
Омбы облыстық тарихи архиві директорының орынбасары Масан Богдан Анатольевичпен кездесу өтіп, Омбы уезі мен уездік басқарма қызметкерлері туралы құжаттарды табуда кеңес беріліп, құнды ұсыныстар жасалды. Архив қорына профессор З.Т. Садвокасованың еңбектері мен Институт ғалымдарының кітаптары табысталды.
Сондай-ақ, А.С. Пушкин атындағы Омбы ғылыми кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі өлкетанушы Алексей Петрович Сорокинмен жемісті кездесу өтті. Кездесу барысында кітаптармен алмасу болды. Институт кітапханасына 2023 жылы жарық көрген «Ресей – Қазақстан. Жаңаша ескі туралы. 21 ғасыр» атты тарихи-публицистикалық жинақ сыйға берілді.
Жиналған архивтік материалдар, олардың көшірмелері мен ғылыми еңбектерді талдау жобаны одан әрі жүзеге асыру барысында қолданылады.


