2025 жылғы 1 шілдеде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Қытай Халық Республикасы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы (ШҰАР) Қоғамдық ғылымдар академиясының ғалымдарымен ресми кездесу өтті
Кездесуді институттың ғылыми жұмыстар жөніндегі Бас директорының орынбасары Шамек Тілеубаев ашып, қонақтарға институттың қызметі мен ғылыми бағыттары туралы кеңінен таныстырды. Қытай делегациясын ШҰАР Қоғамдық ғылымдар академиясының вице-президенті, заң ғылымдарының докторы Су Лэй бастап келді. Сонымен қатар, делегация құрамында ғылым, сыртқы істер және тарих бөлімінің жауапты өкілдері — Әли Ғопұр, Ма Юань, Ли Юаньбин, Ван Вэй және Чжао Яцзе сынды зерттеушілер болды.
Кездесудің негізгі мақсаты — екі елдің ғылыми мекемелері арасындағы әріптестікті нығайтып, ортақ жобалар аясында ынтымақтастық орнату. Бұл ретте Жеңіс Жомарт Жеңісұлы, институт директорының сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары, ғылыми әріптестікті дамыту жолында ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесуге ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне қарасты өзге де институттардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылым жөніндегі директорының орынбасары, т.ғ.к. Қасенова Әсемгүл Дәуренқызы археология саласындағы жобалар туралы баяндады. Сонымен қатар, Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғылыми хатшысы, т.ғ.к. Ернұр Қуатұлы Белғожа Қытайтану бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар ғылыми байланысты жалғастыруға және бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыруға ниетті екендерін білдірді.
