ТҮРКІ ӘЛЕМІ ЖАС ТАРИХШЫЛАРЫНЫҢ СЕМИНАРЫ
2025 жылғы 3–4 шілде күндері Түркияның астанасы Анкара қаласындағы Ататүрік атындағы Мәдениет, Тіл және Тарих Жоғары Институтының (Bilkent кампусы) базасында «Түркі әлемі жас тарихшыларының семинары» өтті. Аталған ғылыми жиын түркі елдеріндегі жас ғалымдардың басын қосып, ортақ тарихты зерделеудегі өзара ынтымақтастықты арттыруды көздеді.
Семинардың ашылу салтанаты 3 шілде күні сағат 10:00-де өтті. Алғашқы сөзді Түрік тарих қоғамының төрағасы, профессор-доктор Юксель Өзген алып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар Түркия Ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) президенті Серкан Каялар мен Ататүрік атындағы Мәдениет, Тіл және Тарих Жоғары Институтының президенті, профессор-доктор Дерья Өрс атынан құттықтау хат оқылды.
Семинар жұмысы түрлі тақырыптық бағыттар бойынша жалғасты. 3 шілде күнгі баяндамалар «Археология және өнер тарихы», «Исламға дейінгі Орталық Азия тарихы», «Ислам дінін қабылдаудан Осман мемлекетінің құрылуына дейінгі кезең» сияқты маңызды тарихи кезеңдерді қамтыды. Бұл сессияларда профессор-доктор Муса Кадооглу, доцент доктор Хасан Йылмазаясар, профессор-доктор Илхан Шахин, профессор-доктор Угур Булдук, профессор-доктор Айдын Уста және профессор-доктор Садуллах Гюлтен сынды ғалымдар сөз сөйледі.
4 шілде күні семинар жұмысы «Осман дәуіріндегі түркі әлемі», «Жаңа дәуірдегі Осман және түркі әлемі», «XX ғасыр мен қазіргі түркі әлемі» тақырыптарымен жалғасты. Бұл күнгі баяндамашылар қатарында профессор-доктор Юнус Коч, профессор-доктор Динчер Коч, профессор-доктор Ахмет Өзджан, профессор-доктор Абдуллах Гюндогду, профессор-доктор Халюк Селви және профессор-доктор Хикмет Оксюз болды.
Семинар соңында барлық қатысушылардың қатысуымен қорытынды отырыс өткізіліп, жас тарихшылар арасында болашақтағы ғылыми байланыстар мен бірлескен жобалар туралы ұсыныстар айтылды.
Қазақстан, Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан және Косово мемлекеттерінен келген жас тарихшылар қатысқан бұл жиын – түркі дүниесінің рухани тұтастығы мен тарихи жадыны қайта жаңғыртуға бағытталған маңызды алаң ретінде бағаланды.
Аталған семинарға біздің Институттан жас ғалымдар – Мурзаходжаев Қуаныш Мәдиұлы, Досымбетов Нұрлыбек Айдарбекұлы, Лебаев Фархат Рашидұлы, Куркеев Ержан Маралұлы және Жұматай Самат қатысты. Олар семинар аясында өткен баяндамалар мен пікірталастарға белсенді түрде атсалысып, өз салалары бойынша ғылыми ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, түркі әлемі жастары арасындағы байланыстарды нығайту бағытында бірқатар шетелдік әріптестерімен ғылыми байланыстар орнатты.
Семинар жас зерттеушілерге тек тың тарихи ақпарат алуға ғана емес, сонымен қатар өз ғылыми бағытын жетілдіруге, жаңа идеялармен қарулануға мүмкіндік берді. Платформа ретінде бұл жиын түркі халықтарының ортақ тарихын жаңа көзқараспен саралап, келешек зерттеулерге негіз қалауымен де ерекшеленді.
Баяндамалар барысында түркі халықтарының ерте кезеңдегі өркениеттері, исламды қабылдау дәуіріндегі саяси және мәдени өзгерістер, Осман кезеңіндегі түркі бірлігі, сондай-ақ кеңестік дәуір мен тәуелсіздік кезеңінен кейінгі түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұл тұрғыда жас тарихшыларға қойылған міндет – бүгінгі заман талабына сай тың көзқарастар мен дереккөздер негізінде зерттеу жүргізу қажеттілігі баса айтылды.
Жалпы, семинар түркі әлеміндегі жас буын тарихшылардың өзара танысуы мен ғылыми байланыс орнатуына, пікір алмасуына үлкен септігін тигізді. Түркия Республикасының беделді ғылыми мекемелері ұйымдастырған бұл шара – ғылыми әлеуеті жоғары, болашақта түркі елдерінің академиялық ынтымақтастығын тереңдететін маңызды бастамалардың бірі ретінде бағаланды.
