Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобасы «1920–1930 жылдардағы Қазақстан мен шектес елдер аумағындағы балалар панасыздығының проблемасы» (ИРН AP23488331)
аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстелге Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген тарихшылар, мұрағатшылар, әлеуметтанушылар, заңгерлер, педагогтар және ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Шара офлайн (Алматы қ., Шевченко 28, 205 каб.) және Zoom платформасы арқылы онлайн форматта өтті.

Қатысушылар Қазақстанда және көршілес аумақтарда ерте кеңестік кезеңдегі балалар панасыздығының себептері, көлемі мен әлеуметтік салдарын талқылады. Мемлекеттік органдардың — Помгол, Наркомпрос, милиция және панасыздыққа қарсы комиссиялардың қызметі, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың, әйел-активистердің, комсомол мен кәсіподақтардың рөліне ерекше назар аударылды.

Баяндаушылар архив деректері, статистикалық материалдар, КСРО аймақтарымен салыстырмалы талдау және әдебиет пен кинодағы көше баласы бейнесінің интерпретацияларын ұсынды.

Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар:

балалар панасыздығын өңірлік тұрғыдан кешенді зерттеу қажеттілігін;

жаңа архивтік дереккөздерді анықтау және ғылыми айналымға енгізу маңыздылығын;

мәселені пәнаралық тәсілмен зерделеудің тиімділігін;

әлеуметтік тарих, балаларды қорғау салалары бойынша зерттеулерді жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Институт барлық қатысушыларға алғыс білдіріп, дөңгелек үстел материалдары болашақ ғылыми зерттеулер мен жарияланымдарда пайдаланылатынын мәлімдеді.