2025 жылғы 21 қараша күні «Ғылым ордасы» РМК мен Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейі бірлесіп, аса көрнекті ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың 190 жылдық мерейтойына арналған «Шоқан Уәлиханов және ұлттық ғылымның бастаулары» атты ғылыми-мәдени танымдық іс-шара өткізді
Іс-шара «Ғылым ордасы» ғимараты алдындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Негізгі бөлімде ғалымның ғылыми мұрасы мен оның қазақ ғылымының қалыптасуындағы рөліне арналған мазмұнды баяндамалар оқылды.
Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты тарапынан
аға эксперт, тарих ғылымдарының кандидаты Шашаев Әуезхан Қадыржанұлы
ғылыми баяндама жасап,
«Шоқан Уәлиханов және “Қазақ” терминінің шығу тегі»
тақырыбында зерттеу нәтижелерін ұсынды.
Баяндамада «қазақ» этнонимінің шығу тегі, этногенез мәселелері және Шоқан еңбектерінің қазақ тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеудегі маңызы жан-жақты талқыланды.
Іс-шара аясында «Шоқан Уәлиханов: Ұлы тұлға мұрасы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Көрмеге «Алтынемел» мемориалдық музейінің қорынан алынған сирек құжаттар, ғылыми еңбектер, фотосуреттер, жеке заттар және Уәлихановтар әулетіне қатысты материалдар қойылды.
Жиынға мәдениет және ғылым қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ғалымдары, зерттеушілер, музей мамандары, мектеп мұғалімдері мен оқушылары және жастар қатысты.



