2025 ж. 1-14 қараша аралығында Институттың қызметкерлері – А.Д. Арепова, Қ.Ә. Нығыметуллин, М.Т. Морякова «Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық куәгерлері мен олардың ұрпақтарының естеліктер топтамасын дайындау және басып шығару» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында Ақтөбе қаласына іссапарға барды
Іссапардың негізгі мақсаты – өңірдегі ашаршылық кезеңін көзі көрген жандардың немесе сол дәуір қасіретін ата-бабалары басынан өткерген ұрпақтардың ауызша тарихқа негізделген естеліктерін жинау, жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу. Яғни, жоба аясында әзірленіп жатқан Ақтөбе облысы бойынша томын материалдармен толықтыру жұмыстары атқарылды.
Іссапар барысында – белгілі қазақ журналист, жазушы, редактор, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері, Шалқар қаласының тумасы Тауман Алыбайұлы Төрехановтан, атақты жазушы Елубай Смағұл Атабайұлынан, сонымен қатар Ақтөбе облысының келесі тұрғындарынан сұқбаттар алынды: Жұбаназар Асанов, Қайролла Сейілханов, Қыният Алыбаев, Мырзалы Сарыбаев, Жансүгір Жұмабаев, Бәтима Қойшығарина, Самат Әлжанов, Ынта Аманқұлова, Ақжарқын Есмағамбетова, Байменше Қаржаубаев, Жарылқасын Жанұзақов, Шыражан Сәрсенбаева, Ғайша Ниязова, Әлия Юсупова, Баян Сәрсембина, Гүлсара Сейітова, Сүлеймен Әділгереев, Оразбай Мұрынов, Зағира Дәулетқалиева, Несібелі Иманғалиева, Орынбасар Баядилов, Мәрия Жұмағазина, Аманжол Қалыш, Гүлімай Әбішқызы, Гүлжайнар Қалдина.
Осы жұмыстардың нәтижесінде ашаршылық жылдарына қатысты отбасылық тарихты сақтап қалған ақтөбелік тұрғындармен тереңдетілген сұхбаттар жүргізілді.– Сұхбаттарда ашаршылық себептері, отбасының көші-қон тарихы, күнделікті тұрмыстағы қиындықтар, қаза болған туыстар, тірі қалғандардың тағдыры және халықтың аман қалу стратегиялары туралы деректер қамтылды; отбасылық архив материалдары жинақталды; кейбір сұхбат берушілер өз әулеттеріне қатысты сирек кездесетін фотосуреттерді, хаттарды, шежірелерді және археографиялық құжаттарды ұсынды; өңірлік ерекшеліктер анықталды; Ақтөбе облысындағы ашаршылықтың демографиялық, әлеуметтік және шаруашылық салдарлары туралы құнды мәліметтер алынды; ғылыми байланыстар орнатылды. Жинақталған материалдар ашаршылық тарихының өңірлік қырларын ашуға, дербес куәліктерді жүйелеуге және тарихи жадыны жаңғыртуға мүмкіндік береді.



