Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты

Асылбек М-А.Х. Бүркіт Аяғанға дауа жоқ!


Себебі – еш уәжге тұрмайды. Жақында «Жас Алаш» газетінде профессор Бүркіт Аяғанның көрнекті тарихшы ғалым Қайдар Алдажұмановтың «Тарихқа өтірік жүрмейді» деген мақаласына [1] жауабы жарияланды [2]. Қ. Алдажұмановтың әділ де және деректермен дәйектелген сынына Б. Аяған мырза өзінше жауап беруге тырысқан. Бірақ оның сөзі көбінесе тарихи шындықтан, жалтару, өз кемшіліктері мен қателерін басқа біреуге аудара салып, жеке басын сауғалаудан тұрады. Бұл жөнінде Қ. Алдажұманов өзі жаза жатар. Менің бұл мәселеге араласып отырған себебім – Б. Аяған Қ. Алдажұмановқа жазған жауабының соңында маған да тиісіп, біраз жерге барыпты. Оқырмандардың есіне сала кетейін, мен «Қазақ әдебиеті» газетінде [3] «Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек!» деген мақала жазып, Б. Аяғанның алғы сөзімен, басшылығымен 2010 ж. шыққан «Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында» деген «тарихи-құжаттық зерттеуіне» [4] едәуір, өзімше, дәлелді сын айтқан едім. Сонан екі айдай тыныш жатқан Б. Аяған өзінің қарамағындағы екі қызметкеріне маған жауап жазғызып, өзі сыртта қалды, енді міне төрт айдан асқан кезде, Қ. Алдажұмановқа арнаған жауабының соңына мені де қосып, «екі жеп, дамқаға бір-ақ шықпақшы», яғни Қ. Алдажұманов пен мені «екі қоян» санап, «бір-ақ оқпен атып алғысы» келген болар. Тарихи тақырыптарға, әсіресе Ұлы Отан соғысы туралы көп жазатын белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлының «Қазақ әдебиетінде» жарияланған «Сыңаржақтық ұшпаққа шығармайды» деген мақаласында [5] біздің Б. Аяғанмен пікір таласымызға: «Мәлік-Айдар Асылбек мырза аталған мақаласында оң пікірлер айтып, естігісі бар құлаққа, құйып алар көкейге қажетті байлам жасаған» деп, әділ қорытынды жасаған еді. Біз де Б. Аяғанның орынбасары А. Қашқымбаев пен ғылыми қызметкері Ж. Әбдірамановтың қарсы мақаласына [6] берген жауабымызда («Ұлы Отан соғысы тарихына басқа емес, әділдік керек!»): «Егер Құрметті профессор Б.Ғ. Аяған өзіне кіріптар қызметкерлерін алға салып, солардың жауабымен құтылып кеткісі келмесе,… өз алғы сөзіне өзі жауап жазар. Тек жеке бастың өкпесіне сүйенбей, менің ғылыми атақтарым мен дәрежелерімді, жасымның үлкендігін жазғырмай, әділ, нақты, дәлелді жауап жазсын. Мен дұрыс айтпасам – дәлелдесін, бәріміз әділдікке жүгінейік. Біз күте тұрамыз», [7] – деп өтінген едік. Дегенмен әділ сынды мойындамайтын, орынды уәжге тұрмайтын Б. Аяған өзі қайтадан дау-дамайды қоздырғысы келген түрі болуы керек, «Қазақ әдебиетінен» мүлдем қашып, «Жас Алашқа» барыпты. Мейлі, дейік, «Қазақ әдебиетінен» беті қайтқан шығар, бірақ «Жас Алашта» менің айтқан сыныма, атап көрсеткен қателері мен кемшіліктеріне қатысты бір де сөз айтпаған, тек қара қазан өкпе, лауазымынан ат үркетін биліктегі азаматтардың (Қ-Ж. Тоқаев, М. Құл-Мұхамед, т.б.) атымен қорқытып, қоқан-лоқы көрсету, алып қашты өсек пен тікелей жала жауып, күйе жағу және т.б. шынайы ғылыми пікір алысуға жатпайтын, тіпті қарапайым адамдардың арасындағы күнделікті қарым-қатынастан ауылы алыс, дау-дамай деңгейіне дейін төмендеп, өзінің қара көкіректігіне басқан [8]. Әділ сын мен орынды пікір айтқан әріптестерін жау санап, барлық мәселені өзінің жеке мүддесіне ойыстырып, олар өзінің отырған тағынан түсіргісі келеді, – деп күдіктенеді. Біздің Б.Ғ. Аяғанға бес бересіміз, алты аласымыз жоқ. Бізге Отан тарихы ғылымының дұрыс дамуы – басты мақсат, бірақ Б.Ғ. Аяған өзінің ғылымдағы жалған бағытынан қайтар емес, қолдан келген барлық әдіс-айласын осы үшін сарып етуде. Бұл тұжырымды дәлелдеу үшін нақтылы мысалдар келтірейік.

Ең алдымен, біздің «үлкен» және «кешірмес айыбымыз» – мақаламызда Б. Аяғанның аты 11 рет аталыпты. Мұнысы – рас, онан да көп болуы мүмкін, себебі сол аталған соғыс туралы кітаптың Б. Аяған жазған 13 беттік алғы сөзінде өріп жүрген кереғар пікірлер, шындыққа жанаспайтын тұжырымдар, дәлелсіз дерексымақтар мен тікелей өтірік, жала жабу он бірден де көп, солардың әрқайсысын жоққа шығара отырып, «құрметті профессор Б. Аяған» деп, атын атап, түсін түстеп бергенімізді мойындаймыз. Амал жоқ, оқырмандарға түсінікті болу үшін алғы сөздегі өрескел қателер мен кемшіліктерді қайталауға тура келеді. Олар мына төмендегідей.

1. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстаннның жағдайы, оның жеңіске қосқан үлесі, шығыны мен қыйыншылықтарды және т.б. осы проблеманың өзекті мәселелерін Б.Ғ. Аяған мырзаға дейін зерттеген (1945 жж. осы күнге дейін) ғалымдардың еңбегін сараптап, әділ бағасы берілмеген; бұл өткен ұрпақ пен әріптестеріне қиянат.

2. Б.Ғ. Аяған өзінің алғы сөзінде «біз жүргізген зерттеулер советтік кезеңнің идеологиясымен қайшы келетін қорытындылар жасауға мүмкіндік берді», [9] – десе де, қандай «зерттеу» жүргізгенін, қандай «жаңа деректер» тапқанын, соның негізінде қандай «жаңалықтар» ашқанын нақтылап айтпайды, – яғни жалған мақтаныш, бос дақпырт.

3. Ең сорақысы – фашистік Германия мен Кеңес Одағын соғыстағы мақсаттары жағынан теңестіріп, «екі жақ та, яғни Германия да, Совет Одағы да соғысқа белсенді даярланған» деп, [10] Германияның басқыншы, Европаның көбін жаулап алғанын мойындамай, ал Кеңес Одағының өз Отанын қорғағанын, Гитлер езгісіне түскен елдерді азат етуші болғанын жоққа шығарады.

4. Ұлы Отан соғысы тарихының кәзіргі егеменді Қазақстан жастарын Отан сүйгіштікке – патриотизмге тәрбиелеудегі маңызын жоққа шығаруға тырысады. Егер Б.Ғ. Аяған сонымен бірге Мәншүк Мәметованың соғысқа өзі сұранып баруын сотталып кеткен әкесін ақтап алу үшін деген себеппен түсіндіріп, жала жапса, оның орынбасары А. Қашқымбаев қазақстандықтардың соғыстағы ерлігі мен тылдағы жанқиярлық еңбегін «жалған патриотизм» деп, ал олар кәзіргі жағдайда «жастарды патриоттық сезім мен Отан сүйгіштік бағытта тәрбиелеу үшін» жарамайды [11] дегенге дейін келтірді.

Б.Ғ. Аяған өзінің жастарды коммунисттік рухта тәрбиелеу жөнінде жазған кандидаттық диссертациясын айтқанымызды да айып көреді [12]. Сол мәселенің маманы – енді Ұлы Отан соғысының патриоттық тәрбиеге арқау болатынын жоққа шығарғандығы үшін біз таң қалғанымызды айтқан едік қой.

5. Б.Ғ. Аяған өзінің алғы сөзінде И.В. Сталинге, жамандағанның жөні осы деп, тікелей жала жауып, өтірік айтуға дейін барған. Бұл жаланың бірі – «соғыс басталғаннан кейін бірнеше күн И. Сталин Кремльден көрінбеді», [13] – дегені. Бұл «өтіріктің де құйрығы бір тұтам» екенін дәлелдеп жазғанбыз. Бұл жөнінде белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлы былай дейді: «тегін сатқан А. Солженицын: «Сталин соғыс басталысымен Куйбышев қаласына қашып кетіп, сонда жасатқан жер үйінде тығылып, Мәскеуге анда-санда телефон шалып: «Сендерде не болып жатыр?» деп сұрап жүрді» деп сандырақтады. Өкінішке орай біздің кейбір әсіресауатты тарихшылар мен жазушылар әлі күнге дейін соларға табынуда. Көпшілікке алаяқтығымен, аярлығымен, қанды-қол қарақшылығымен белгілі болған Хрущевтің қаңырап қалған қорасын күзетіп, қаңсығын көксеп отыр» [14]. И.В. Сталиннің соғыс басталардан бұрын, 21 маусымнан, 28 маусымға дейін Кремльде болып, 191 кеңес басшылары мен әскери басшыларды қабылдағаны жөнінде нақтылы деректер барша жұртқа мәлім [15].

6. Кеңес Одағы мен Германия арасында шабуыл жасаспау жөнінде 1939 ж. 23 тамызда жасалған келісімді де Б.Ғ. Аяған жаратпай, Батыстың Кеңес өкіметіне қарсы тарихшыларының айтқанын қайталап, қате және зиян болды, деп «қорытынды» жасайды [16]. Шынында, сол шиеленіскен халықаралық жағдайда бұл бірден бір дұрыс жол болғанын Батыстың шынайы қайраткерлері мен ғалымдары, соның ішінде У.Черчилль де мойындаған [17]. Бұл жерде Б.Ғ. Аяғанның «жорамалы» – «қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» дегенге саяды.

7. Б.Ғ. Аяған У. Черчилльдің екінші дүниежүзілік соғыстағы ролін асыра мадақтап, «антигитлерлік коалицияны құруда басты рөлді И. Сталин емес, У. Черчилль атқарғаны рас», – деп соғады [18]. Бұл да Батыс тарихшыларының пікірі, «қырғи қабақ соғысты» бастаған У. Черчилльдің өзі екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің негізінде Кеңес Одағы әскерлеріне, оның Бас қолбасшысы И.В. Сталинге байланысты болғанын еш даусыз мойындаған. Ал У. Черчилльдің өзі екінші майданды кешіктіріп (1944ж.) аштырғанымен қоймай, соғыс аяқталарда Европадағы Кеңес әскерлеріне тұтқыйылдан шабуыл жасауды ұйымдастырғысы да келген, бірақ Кеңес әскерлерінің көптігі мен күштілігінен қорқып, бұл пиғылдан бас тартқан.

8. Б.Ғ. Аяған И.В. Сталинді «Красная капелла», басқа да шетелдерден келген ақпараттар мен мәліметтерге сенбеді, Германияның шабуылға шығатын күнін алдын ала білмеді, – деп айыптауы да шындыққа жатпайды. Бұл жөнінде И.В. Сталин соғыс жүріп жатқанда У. Черчилльге: мені ескертудің керегі жоқ еді, мен соғыстың басталатынын білдім, тек оны кешіктіруге ұмтылдым, – дегені де бар [19]. Б.Ғ. Аяғанның бұл да тұжырымы шетелдік ғалымдардың өтірік жаласын қайталау болып табылады.

9. Жалпы Б.Ғ. Аяғанның екінші дүниежүзілік соғыстың, оның ішінде Ұлы Отан соғысының тарихынан тапқан «ғылыми жаңалықтары» негізінде шетелдік тарихшылардың тұжырымдары, «қырғи қабақ соғыстың» кезіндегі науқанда Батыс елдерінің Кеңес Одағының өскен беделін төмендету үшін жасалған іс-әрекетінің идеологиялық нәтижелері. Бұл жөнінде Ғаббас Қабышұлының «шетелдік тарихшылардың көбі КСРО-ны дүниежүзі тарихынан өшіріп тастауға мүдделі. Ол үшін ең әуелі И. Сталиннің атын өшіруге жанталасуда. Қанқұмар Сталин басқарған Кеңес елі дүниежүзілік екінші соғысты ашып, Европада қырғын жасады, егер Германия қарсы тұрып әлсіретпегенде, жер шарын басып алары сөзсіз еді деп «дәлелдеуде», – дегені өте дұрыс [20]. Ал екінші дүниежүзілік соғыс гитлерлік Германияның 1939 ж. 1 қыркүйекте Польшаға шабуыл жасауынан, соның себебінен Англия мен Францияның Германияға соғыс жариялауынан басталды. Ал Кеңес Одағы фашистік Германияның 1941 ж. 22 маусымында шабылуына ұшырағаннан кейін ғана екінші дүниежүзілік соғысқа кірмеске мәжбүрі қалмады, яғни соғысты Германия мен оның одақтастары бастаған еді.

10. Жалпы Б.Ғ. Аяғанның алғы сөзіндегі басқа да керағар пікірлер, дәлелсіз «қорытындылар» жеткілікті. Әсіресе кітаптың «тарихи – құжаттық зерттеу» деп бағалануы дұрыс емес. Бұл – жинақ; мақалалар, деректер мен естеліктер жинағы ғана. Мұны Б.Ғ. Аяғанның орынбасары А. Қашқымбаев пен ғылыми қызметкері Ж. Абдрамановтар да амалсыз мойындаған [21].

11. Б.Ғ. Аяғанның басшылығымен шыққан бұл «зерттеу» (зерттеу емес, «жинақ») сәтсіз шыққан, себебі – жаңа деректер жоқ, көпшілігі, бұрын жарияланған, жаңалық жоқ десе де болады. Жинақтың құжаттары дұрыс берілмеген, көбінің сілтемелері бір ізге келтірілмеген, кейбіреуінде тіпті берілмеген, құжаттар жинағын дайындау мен жариялау ережелері сақталмаған, ғылыми-ақпараттық жүйесі әлсіз, ал кейбір құжаттар «жиендікпен» басқа жинақтардан сілтеме берілмей алынған, яғни тікелей ұрлық-плагиат. Біздің «Қазақ әдебиетіне» жазғанымыз осылар еді [22].

Міне, осындай нақты және дәлелді сыннан қашқан Б.Ғ. Аяған өзінің қызметкерлерін алдына салып, жауап жазғызды. Олар көптеген қателері мен кемшіліктерін, қанша жалтарса да, мойындай келіп, бұл жинаққа Мемлекет тарихы институтының қатысы жоқ, ол «Кәсіби тарихшылар мен қоғамтанушылар лигасы» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің мұрындық болуымен жарыққа шықты», [23] – деп те бастарын алып қашты. Енді түсінікті болды: Б.Ғ. Аяған екі кеменің – тарих пен саясаттанудың, – басын ұстап, не біреуін де тыңғылықты таңдап алмаған, сол екі салаға апаратын жол айрықта әлі тұр. Ал Б.Ғ. Аяғанның алғы сөзінде «бұл кітапты Мемлекет тарихы институтының ғалымдары дайындаған», деп тайға таңба басқандай етіп жазған және кітаптың соңында «Информация об Институте истории государства» беріліп, оның тұрған мекені, телефоны, факсы, электрондық поштасы, бәрі берілген [24]. Бұл не деген сасқандық, қайталасақ, кешіріңіздер, бұрын айтқанымыздай, «қашарыңда-қашасың, туарыңда-сасасың», – деген ғой, немесе орыстың мақалы бар: «я-не я, и свинья не моя»-ның («мен мен емес, шошқа да менікі еместің») кері келіп тұр ғой.

Міне осы қателіктер мен кемшіліктерге байланысты менің мақаламда Б.Ғ. Аяғанның аты 11 рет айтылған да шығар, бірақ сол қателері мен кемшіліктерін мойындамаса да, өз пікірін айтып, ортаға салудан қашқақтаған Б.Ғ. Аяған 7-8 айдан бері (менің «Егеменді Қазақстанда» 2013 ж. 18 маусымда шыққан мақаламнан соң) іздеп тапқан амал-айласы тек жеке басқа тиісу, орынды уәж айту орнына – өтірік айту, жала жабу. Мен өз басым мақала жарияладым, бірақ «тіпті үкімет үйі мен парламентке дейін хат жолданыпты», [25] дегені – «ұрының арты қуыс», дегенге жатады. Тіпті өз мақаламды әріптес інілерім мен шәкірттеріме таратып берсем, ол саяси қылмыс па?!

Б.Ғ. Аяған Қ. Алдажұманов пен екеумізге «мәдениет», «ғылыми этика» туралы үлгі-өнеге көрсеткісі келіп, «тілдері дөрекі, терминдері қисынсыз, өзімшілдік басым» деген, «қорытындыға» келеді. Нақты дәлел жоқ: «жаптым жала, жақтым күйе» ғана. Б.Ғ. Аяғанның өзі ұстаған «этикасы» қандай екен, соған аз да болса тоқталайық.

Мен Астанадағы ведомствоаралық мәжілісте (2013 ж.) 5 маусым сөйлеген сөзімді Мемлекет тарихы институтының сұрауы бойынша баспадан шығатын жинаққа жіберген едім, бірақ оның текстін өзгертпеуін талап еттім. Кейіннен сол сөзім «Халық тарих толқынында» деген Л.Н. Гумелев атындағы Евразия ұлттық университеті мен Тарихшылар конгресі шығарған екі томдықтың II томында (мақалалар жинағы) жарияланды. Қарасам, Мемлекет тарихы институтына арналған сын толығымен алынып тасталған, университеттегі тарихшы басшылар мақалаларды Мемлекет тарихы институты дайындағанын, олар берген текстке ешкім тимегенін айтты. Сонда мақаланы қысқартқан, өздеріне айтылған сынды алып тастаған Б.Ғ. Аяған емей, кім?! Осы рас болмаса, кешірім сұрауға дайынмын. Кейін сол мақалам «Қазақ тарихы» журналында толық шықты [26]. «Халық тарих толқынында» -ның 2 томымен салыстырып көрсеңіздер, Б.Ғ. Аяғанның қандай «этика» ұстанатынына көздеріңіз жететін шығар. Осы жерді нақтылай түсейік.

2013 ж. 5 маусымдағы тарихшылар жиынынан соң, менің «Егемен Қазақстанда» «Отан тарихы туралы ой» деген мақалам жарияланды. Онда мен: «Мемлекет тарихы институты қазіргі мемлекеттілігіміздің табыстарын уағыздап, ғылым мен үгіт-насихат саласында, әрине, едәуір еңбек етіп келеді» дей келіп, өзімше сын да айтқанмын: «Дегенмен, институт жұмысының бағытына бір жүйелік, нақты бағыт жеткіліксіз сияқты көрінеді. Оның соңғы зерттеулері С. Әсипов, Қ. Алдажұманов, С. Шілдебай және т.б. тарихшылар тарапынан әділ сынға ұшырауда, Мысалы: Отанын сатқан Резун (Суворов) сияқтыларға сұйеніп, Ұлы Отан соғысы тарихын талдау шындыққа жатпайды. Ахмет Байтұрсыновты ақтаймын деп, Әліби Жангелдинді қаралауға болмайды. Деректер мен мақалалар жинақтарына көп көңіл бөлгенше, қазіргі мемлекетіміздің күрделі мәселелерін шешуге үлкен үлес қосқан орынды болар еді деп санаймыз», [27] – дегенбіз. «Қазақ тарихында» жарияланған «Төл тарихымыздың абыройын асырайық» [28] және «Қазақ әдебиетіндегі «Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттік керек» деген мақалаларда да, бұл институттың өз проблемаларын терең зерттеу орнына, ұсақ-түйекке көп көңіл бөлетіні, «Голощекиннің қызтекелігі», «Корниловтің кім екендігі» сияқты мәселелермен айналысатыны сыналғанды. Міне осылардың бәрін Б. Аяған «Халық тарих толқынында» деген жинақтан менімен келіспей, өздігінше қиянат жасап, алдыртып тастаған. Мұны сол Институттың қызметкері – З. жақсы біледі. Осыған ұқсас мақала «Айқын» газетінде шығып жатқанда, оны Б.Ғ. Аяған өзі айтқан биліктегі таныстары арқылы  алдырып та тастады, яғни баспасөз бостандығын бұзып, зорлық – қыянат жасады. Өзін сынаған мақалалар шыққан газеттерге де телефон соғып, қоқан – лоқы көрсетті. Менің «Егемен Қазақстанға» шыққан мақаламнан кейін, біздің институт басшыларына, менің өзіме 3-4 бет хат жазып, дөрекілік мінез көрсетті.

Б.Ғ. Аяғанның бұл іс-әрекеті қандай этикаға жатады? Басқаларды «этикаға» үйретпес бұрын, өзі жақсылап айнаға карап алмай ма?! И.А. Крыловша айтқандай, бет қисық болса, айнаға неге өкпелейміз?! Осы да «этика» мен «мәдениетке», шынайы пікір алысуға жата ма?!

Қорытындыда айтарымыз: Б.Ғ. Аяғанның менің сын мақалама берген жауабының ғылыми пікір алыс деңгейі өте төмен, жоқ десе де болады, көптеген қателері мен кемшіліктеріне орынды пікір айтқандардың жеке басына тиісіп, жала жабу, өтірік айту арқылы ғылыми жауапкершіліктен құтылып кеткісі келетіні оқырмандарға да белгілі болды ғой деп ойлаймыз. Бұл жағынан Б.Ғ. Аяған қазіргі «патамушталардың» қатарын көбейтетін де түрі бар. Ғаббас Қабышұлы айтқандай, Б.Ғ. Аяғанда «еститін құлақ» та, «құйып алар көмей» де жоқ болып шықты. Бұл бағытымен және жоғарыдағы «этикамен» ол басқарған Институт Отан тарихының күрделі мәселелерін, басқа тарихшылар мен тізе қосып, қауымдасып шеше қоюы қыйын. Дегенмен, құдайға шүкір, Қазақстан тарихшылары арасында өз проблемаларын зерделеуде кәсіби мамандығы мен ғылыми жауапкершілігі биік ғалымдар баршылығы біздің бәрімізге медет болады.

 

 

1. «Жас Алаш», 2013 ж. 19 желтоқсан
2. «Жас Алаш», 2014 ж. 28 қаңтар
3. «Қазақ әдебиеті», 2013 ж. 27 қыркүйек
4. Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында (тарихи-құжаттық зерттеу). – Алматы: «Өнер», 2010. 640 б
5. «Қазақ әдебиеті», 2013 ж. 13 желтоқсан
6. «Қазақ әдебиеті», 2013 ж. 8 қараша
7. «Қазақ әдебиеті», 2013 ж. 29 қазан
8. «Жас Алаш», 2014 ж. 28 қаңтар
9. Қазақ жауынгері Ұлы Отан соғысы майданында … 3 б.
10. Бұл да сонда
11. «Қазақ әдебиеті», 2013 ж. 8 қараша
12. Аяған Б.Ғ. Партийное руководство идейно-политическим воспитанием студентов Казахстана (1975-1985 гг.). – Алма-Ата, 1989.
13. Қазақстан жауынгері … 5 б.
14. «Қазақ әдебиеті», 2013ж. 13 желтоқсан
15. Карнов В. Генералиссимус. Книга первая. Вечер. – Москва, 2003. С. 325-333
16. Қазақстан жауынгері … 4 б.
17. Черчилль У. Вторая мировая воина. – М: Воениздат, 1991, т. 1, часть 1, глава 21… б, Қазақ жауынгері …. 26-27 беттер
18. Қазақстан жауынгері… 5-6 б.
19. Романенко К. Великая воина Сталина. Триумф Верховного Главнокомандующего. – М: 2008, 763 б.
20. «Қазақ әдебиеті», 2013 ж. 13 желтоқсан
21. «Қазақ әдебиеті», 2013 ж. 8 қараша
22. «Қазақ әдебиеті», 2013 ж. 27 қыркүйек
23. «Қазақ әдебиеті», 2013 ж. 8 қараша
24. Қазақ жауынгері … 639 бет
25. «Жас Алаш», 2014 ж. 28 қараша
26. Халық тарих толқынында. II том. Мақалалар жинағы. – Алматы: Фолиант баспасы, 2013. – 45-53 б.
27. «Егеменді Қазақстан», 2013 ж. 18 маусым
28. «Қазақ тарихы». – 2013. № 3. – 3-5 б.

 

  

Мекен жайымыз: Алматы қаласы,

Пушкин көшесі, 129 үй, 12 пәтер.

Тел: 8 (727) 2910406

Ұялы: 87011500925

Эл.адрес: aizhansydykova@mail.ru

03.02.2014 ж.