2026 жылғы 20 наурызда Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында тарих ғылымдарының докторы, профессор Закиш Төлеханқызы Сәдуақасованың 70 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстандық тарих ғылымының дамуының заманауи үрдістері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, докторанттар, жас зерттеушілер, сондай-ақ жақын шетелден келген ғалымдар қатысты
Іс-шара Алматы қаласындағы Ғылым ордасының конференц-залында өтті. Конференцияны ұйымдастырушы — Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты. Конференция модераторлары Институттың бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі З.Е. Қабылдинов және ғылым жөніндегі директордың орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ш.Б. Тілеубаев болды. Конференцияның жұмыс тілдері қазақ, орыс және ағылшын тілдері болды.
Конференцияға қатысушыларға алғы сөз сөйлеген З.Е. Қабылдинов мерейтой иесінің отандық тарих ғылымын дамытудағы орны мен ғылыми мұрасының маңызын атап өтті. Конференция бағдарламасында мерейтой иесіне арналған құттықтаулар, пленарлық баяндамалар, өзекті ғылыми мәселелерді талқылау, сондай-ақ профессор З.Т. Сәдуақасова атындағы стипендияны табыстау рәсімі қамтылды.
Пленарлық отырыс барысында отандық және шетелдік ғалымдардың Қазақстан мен Орталық Азия тарихының өзекті мәселелеріне арналған баяндамалары тыңдалды. Қатысушылар назары XIX ғасырдағы Қазақстандағы Ресей империясының конфессиялық саясатына, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстарына, XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани өміріне, тарих ғылымындағы заманауи әдіснамалық ұстанымдарға, сондай-ақ отарлық басқару, демография, диаспора, қуғын-сүргін және Тәуелсіздік кезеңі мәселелеріне аударылды.
Конференция бағдарламасына сәйкес талқыланған негізгі бағыттардың қатарында отандық тарихтың өзекті мәселелері, тарихты зерттеудегі заманауи әдіснамалық ұстанымдар, XIX ғасырдағы Қазақстандағы Ресей империясының конфессиялық саясаты, XIX ғасырдағы қазақ халқының ұлт-азаттық күресі, XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы қазақ халқының рухани өмірі, сондай-ақ Қазақстандағы империялық билік институттарының қалыптасуы мен қызметі мәселелері болды.
Конференция барысында профессор З.Т. Сәдуақасованың ғылыми-педагогикалық қызметіне және қазақстандық тарих ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесіне ерекше назар аударылды. Закиш Төлеханқызы — Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы саласының белгілі ғалымы, педагог, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, іргелі зерттеулер мен 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар қарар қабылдап, онда болашақ ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, XIX ғасырдағы конфессиялық саясаттың Қазақстанның қоғамдық және мәдени өміріне ықпалын талдау, ұлт-азаттық қозғалыстар тарихын зерттеуді қолдау, қазақ халқының діні, дәстүрлері мен мәдени тәжірибелерін терең зерделеу, жергілікті халық пен империялық билік арасындағы өзара қатынасты зерттеу, тарихи зерттеулерге заманауи әдістер мен технологияларды енгізу, сондай-ақ жас ғалымдарды Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеуге белсенді тарту мәселелері көрініс тапты.
Конференцияға қатысушылар ғылыми іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытудың, ұлттық тарих мектебінің сабақтастығын сақтаудың және жас зерттеушілерді қолдаудың маңыздылығын атап өтті.








