2026 жылғы 8 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Көкшетау қаласының тарихы музейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Меморандумға музей тарапынан мекеме директоры Темірбай Алмас Қажыбайұлы, ал Институт тарапынан ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов қол қойды.
Құжат ғылыми-зерттеу, мәдени-ағартушылық және білім беру салаларындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Меморандум аясында тараптар бірлескен ғылыми жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру, ғылыми экспедициялар, конференциялар, семинарлар, симпозиумдар және халықаралық деңгейдегі өзге де іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу, сондай-ақ ғылыми ақпаратпен алмасу және зерттеу жұмыстарын үйлестіру жөнінде келісімге келді.
Сонымен қатар, тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыру үшін гранттық қаржыландыруға арналған өтінімдерді бірлесе дайындау және ұсыну, ғылыми және ғылыми-көпшілік басылымдарды әзірлеу және шығару, рейтингтік басылымдарда ортақ жарияланымдар жариялау, зерттеу нәтижелерін кеңінен насихаттау бағыттарында да өзара іс-қимыл жасауға уағдаласты.
Меморандум мазмұнында жетекші оқытушылар мен мамандардың қатысуымен дәрістер, консультациялар, сабақтар өткізу, қысқа және орта мерзімді бағдарламалар аясында ғалымдар мен қызметкерлер алмасу, сондай-ақ аспирантура, докторантура, тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелері де қамтылған. Бұдан бөлек, іргелі, қолданбалы және іздестіру зерттеулері саласындағы бірлескен бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру, ұйымдардың ресми сайттары мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бірлескен қызмет нәтижелерін жария ету де қарастырылған.
Аталған меморандум ғылыми институт пен музей қауымдастығы арасындағы әріптестік байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы саналады. Бұл құжат тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихаттауға, отандық тарих ғылымын дамытуға, ғылыми-зерттеу бастамаларын қолдауға және өңіраралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа серпін береді.



