2026 жылғы 28 наурызда Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп, Досан Баймолдының «Моңғолия қазақтарының көші: тарихи деректер мен естеліктер» атты ғылыми-танымдық кітабының тұсаукесері өтті

Аталған басылым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және Ұлы көштің 35 жылдығына арналды. Кітап тарихи құжаттар, архив материалдары және оқиға куәгерлерінің естеліктері негізінде дайындалған. Бұл еңбек алғаш рет 2013 жылы Алматы қаласында «Қазақ көші» деген атаумен жарық көрген болатын. Оқырмандар тарапынан жоғары сұранысқа ие болғандықтан, сондай-ақ Ұлы көштің 35 жылдығына орай кітап толықтырылып, өңделіп, қайта басылып шықты.

Досан Баймолдаұлы – қазақ диаспорасының тарихын, Моңғолиядан тарихи Отанына қоныс аударған қазақтардың көші-қон үдерістерін зерттеуге елеулі үлес қосқан белгілі ғалым. Автор өз еңбегінде Моңғолия қазақтарының тарихи көшінің кезеңдерін, көші-қон үдерістерінің ерекшеліктерін және Ұлы көштің тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызын жан-жақты қарастырады.

Іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, қазақ диаспорасының тарихын зерттеушілер, көші-қон мәселелерімен айналысатын мамандар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және оқырмандар қатысты.

Тұсаукесер барысында ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры Зиябек Қабылдинов құттықтау сөз сөйлеп, еңбектің тарихи маңызына жоғары баға берді.

Кітаптың ғылыми құндылығы туралы пікірлерін тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Зиябек Қабылдинов, Нәбижан Мұқаметханұлы және Қалибек Қобландин білдірген. Олар бұл зерттеудің қазақ көші тарихын зерделеудегі маңызды еңбектердің бірі екенін атап өтті.

Кітаптың тұсаукесерінде медицина ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Темірбаев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ерболат Байытұлы, филология ғылымдарының докторы, ақын Бақытбек Бәмішұлы, филолог-ұстаз Күнішай Рүстемқызы, әдебиет сыншысы әрі қаламгер Әмірхан Меңдеке сөз сөйлеп, академик Досан Баймолдаұлының бұл еңбегінің бүгінгі қазақ қоғамы үшін тарихи, ғылыми және рухани маңызының зор екенін атап өтті.

Тұсаукесерге қатысушылар мұндай еңбектердің тарихи жадыны сақтау, қазақ диаспорасының тарихын зерттеу, репатриация үдерістерін зерделеу және келешек ұрпаққа тарихи тағылым беру ісіндегі маңызын ерекше атап өтті.

Іс-шара ашық ғылыми диалог форматында өтіп, көпшілік қауым мен ғылыми орта тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.