2026 жылғы 29 мамырда Алматы қаласында «Халық жадындағы Қазақстандағы 1931–1933 жж. ашаршылық: тарихы және өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырды.
Конференция «Қазақстандағы 1931–1933 жылдардағы жаппай ашаршылықтың куәгерлері мен олардың ұрпақтары естеліктерінің топтамасын дайындау және басып шығару» (ИРН BR24993018) ғылыми бағдарламасы аясында өткізілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тарихи жадыны сақтау және қазақ халқының тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірін жан-жақты зерттеу.
Конференцияға қатысушыларды Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов құттықтап, жобаның ғылыми, қоғамдық және мемлекеттік маңыздылығына тоқталды. Ол 1931–1933 жылдардағы ашаршылық куәгерлері мен олардың ұрпақтарының естеліктерін жинақтау, жүйелеу және жариялаудың тарихи әділеттілікті қалпына келтірудегі рөліне ерекше назар аударды.
Конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің жетекші ғалымдары, зерттеушілері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен қоғам қайраткерлері қатысты. Баяндамашылар қатарында Қайдар Сейсенбайұлы Алдажұманов, Жүсіп Сағат, Светлана Смағұлова, Асқар Мамбетович Джумашев, Сайын Молдағалиұлы Борбасов, Жумагүл Байдилдеев, Фахриддин Алланазарұлы Назаров, Амандық Қорғанұлы Әмірхамзин, Константин Владимирович Черепанов, Лариса Эдуардовна Сопыбаева және Марыс Қадылбек болды.
Пленарлық отырыс барысында 1931–1933 жылдардағы жаппай ашаршылықтың себептері мен салдары, тарихи жады мәселелері, шетелдердегі қазақ қауымдастықтарының тағдыры, халықаралық зерттеу тәжірибелері, сондай-ақ жаңа архивтік және ауызша тарих деректері талқыланды.
Конференцияның маңызды оқиғаларының бірі – «Қазақстандағы 1931–1933 жылдардағы жаппай ашаршылықтың куәгерлері мен олардың ұрпақтары естеліктерінің топтамасын дайындау және басып шығару» жобасы аясында жарық көрген алғашқы он томдық жинақтың тұсаукесері болды. Бұл басылымдарда ашаршылық куәгерлері мен олардың ұрпақтарының бірегей естеліктері жинақталып, ұлттық тарихи жадыны сақтауға және келер ұрпаққа жеткізуге зор үлес қосады.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар 1931–1933 жылдардағы ашаршылық тарихын зерттеуді жалғастырудың, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудің және тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын атап өтті. Іс-шара ғылыми қауымдастық өкілдері арасындағы кәсіби пікір алмасу мен өзара ынтымақтастықты дамытуға арналған маңызды алаңға айналды.






