2026 жылғы 10–20 мамыр аралығында ҚР ҒЖБМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, т.ғ.д., профессор Оразгүл Хасенқызы Мұхатова мен кіші ғылыми қызметкері, PhD докторант Елдос Сауырқан «XVI ғасырдың соңы – XVIII ғасырлардағы Қазақстанның сыртқы саясаты тарихының беймәлім беттері (шетелдік архив материалдары негізінде)» (АР26194453) ғылыми жобасы аясында Әзербайжан Республикасының Баку қаласына ғылыми іс сапармен барып қайтты

Ғылыми іссапардың негізгі мақсаты Әзербайжанның архивтік және кітапханалық қорларында сақталған Қазақстан тарихына қатысты материалдарды анықтау, XVII–XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы саясаты мен халықаралық байланыстарына қатысты деректерді жинақтау, сондай-ақ қазақ-әзербайжан, қазақ-парсы және қазақ-түрік қатынастарының тарихын зерттеу болды.

Іссапар барысында зерттеу жұмыстары Әзербайжан Республикасының бірқатар жетекші ғылыми мекемелерінде жүргізілді. Атап айтқанда, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында, М. Ахундов атындағы Әзербайжан ұлттық кітапханасында, оның Сирек кітаптар және қолжазбалар бөлімінде, сондай-ақ М. Физули атындағы Қолжазбалар институтында жұмыс жасалды. Ғылыми ізденістер нәтижесінде Қазақстанның сыртқы саясатына, Орталық Азия мен Кавказ халықтарының өзара байланыстарына, XVIII ғасырдағы халықаралық қатынастарға қатысты сирек кездесетін еңбектер, диссертациялық зерттеулер, құжаттар жинақтары мен тарихи деректер анықталып, олардың электрондық көшірмелері алынды.

Зерттеу барысында XVIII ғасырдағы Әзербайжан хандықтарының саяси тарихына, Надир шах дәуіріне, Ресей, Осман және Иран мемлекеттерінің Кавказ бен Орталық Азиядағы саясатына қатысты еңбектер ерекше назарға алынды. Бұл материалдар Қазақ хандығының халықаралық қатынастар жүйесіндегі орнын жаңа қырынан қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар архивтік және кітапханалық қорлардан Қазақстан тарихына қатысты бұрын ғылыми айналымға толық енгізілмеген тарихнамалық және деректік материалдар анықталды.

Іссапар аясында әзербайжандық ғалымдармен бірқатар ғылыми кездесулер өткізілді. 13 мамыр күні Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Аббасғұлу Аға Бакиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Кәрім Шүкіровтың ұйымдастыруымен институт ғалымдарымен кездесу өтті. Кездесу барысында XVI ғасырдың соңы – XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы саясаты тарихын зерттеудің өзекті мәселелері, сондай-ақ XVIII ғасырдағы Әзербайжан хандықтарының саяси жағдайы мен халықаралық байланыстары талқыланды.

Ғылыми іссапар нәтижесінде XVII–XVIII ғасырлардағы Қазақстанның сыртқы саясаты тарихына қатысты жаңа деректер мен ғылыми әдебиеттер кешені жинақталды. Алынған материалдар зерттеу жобасының деректік базасын кеңейтіп, Қазақ хандығының халықаралық қатынастары мен дипломатиялық байланыстарының бұрын толық зерттелмеген қырларын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Кавказ өңірінде сақталған Қазақстан тарихына қатысты материалдарды одан әрі жүйелі түрде зерттеу қажеттілігі айқындалды.

Жиналған деректер алдағы уақытта ғылыми мақалалар, баяндамалар және жобаның қорытынды зерттеу еңбектерін даярлау барысында кеңінен пайдаланылатын болады.