2026 жылғы 11 маусымда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Балалар панасыздығы әлеуметтік-тарихи құбылыс ретінде: Қазақстан мен іргелес елдер тәжірибесі (1920–1930 жылдар)» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобасы – «1920–1930 жылдардағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» (ИРН AP23488331) аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелдің ашылуында Институттың Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов құттықтау сөз сөйлеп, балалар панасыздығы мәселесін тарихи тұрғыдан жан-жақты зерттеудің маңыздылығына тоқталды.
Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның жетекші ғалымдары мен зерттеушілері қатысты. Қатысушылар өз баяндамаларында ХХ ғасырдың 20–30-жылдарындағы балалар панасыздығының себептері мен салдарын, мемлекеттік саясаттың ерекшеліктерін, балаларды әлеуметтік қорғау тетіктерін, сондай-ақ Қазақстан мен көршілес елдердегі тарихи тәжірибелерді талқылады.
Дөңгелек үстелде тарих ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Хасенқызы Мұхатова, тарих ғылымдарының докторы, зерттеуші-профессор Зауреш Ғалымжанқызы Сақтағанова, Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры Камола Давляталиевна Саипова, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінің өкілдері баяндама жасады.
Талқылау барысында балалар панасыздығын зерттеудің әдіснамалық мәселелері, архивтік деректерді ғылыми айналымға енгізу, әлеуметтік саясаттың тарихи тәжірибелері және өңіраралық салыстырмалы зерттеулердің нәтижелері қарастырылды.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар балалар панасыздығы феноменін одан әрі кешенді зерттеудің өзектілігін атап өтіп, әлеуметтік тарих саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын жеткізді.



