Құрметті Дихан Қамзабекұлы!

 Асқаралы алпыстың асуына шығып отырған Сізді, көпшілік қауым мемлекетіміздің қайраткері, ғұмырын Қазақстан ғылымының нығаюына арнаған зиялы азамат ретінде таниды

Өмір жолыңызда еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие ірі тұлға ретінде Қазақ халқының игілігіне бөленіп, қызметтің ең қызықты да қиын салаларын атқарып отырған абырой-беделіңізді атап өтпей кетуге болмас.

1990 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі ҚазҰПУ) қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша бітірген кезіңізден бастап, отандық ғылымның дамуына ат салысып, нәтижесінде «Әдеби-тарихи процесс: ағымдар, концепциялар (ағартушылық кезең)» тақырыбында докторлық диссертация қорғадыңыз. Биыл 30  жылдық мерейтойын атап өткен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің іргесінің бекіп, қанатының қатаюына Сіздің де өлшеусіз еңбегіңіз бар. Осы оқу орынында 1996 — 2022 жылдар аралығында аға ғылыми қызметкерден бастап проректорға дейінгі  лауазымды абыроймен атқардыңыз. Мен де осы қара шаңырақта Сізбен бірге қызмет атқарған жылдары Сізді білікті ғалым, ұлағатты ұстаз және шебер басқарушы болғандығыңыздың куәсі болдым.

Бұл жылдар сіздің қоғамдық және жемісті еңбегіңіздің нағыз кемеліне келген кезең болды. Туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларыңызды тәрбиелеу жолында дарынды ұйымдастырушы қырынан көріндіңіз. Ғалымдық міндетіңізді де қатар орындап, С. Садуақасұлы, Қ. Кемеңгерұлы, Ж. Аймауытұлы, Х. Болғанбай, С.Ғылмани т.б. сияқты Алаш азаматтарының академиялық мұраларын жариялап, «Қазақтың Қошкесі», «Астана туралы бата», «Көздің қарашығындай» атты деректі фильмдерінің сценарийін жаздыңыз.

Сіз 450-ге жуық журнал мен газет мақалаларының, 150-ден астам теле-радио материалдарының авторысыз. 7 томдық «Көне заманнан қазірге дейінгі Қазақстан тарихы» академиялық басылымының 6 томының (кеңестік кезең) редколлегия мүшесісіз.

Қазақстан ғылымына қосқан орасан қызметіңіз отандық ғалымдар қауымдастығы тарапынан мойындалып, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, кейін, академигі атандыңыз.

Сіз тек дарынды ғалым ретінде ғана емес, мемлекет және қоғам қайраткері қырынан да мойындалған тұлғасыз. 2022 — 2023 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің бас директоры, ал 2023 жылдан бастап қазіргі кезге дейін «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорысыз.

Отандық ғылым мен қоғамның дамуына қосқан үлесіңіз мемлекет тарапынан ескеріліп, 2000 жылы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері (Ғылым аталымы) атансаңыз, одан кейінгі жылдары «Құрмет» «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталдыңыз.

Құрметті Дихан Қамзабекұлы!

Қоғам игілігіне бағытталған ерен еңбектеріңіздің еліміздің нығаюына өзіндік үлесі бар. Осынау игілікті істе қанатыңыз талмасын, қажыр-қайратыңыз қашанда арта берсін!

Өзіңізге және отбасыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ырыс пен ынтымақ, бақыт пен береке тілеймін! Шығар шыңдарыңыз әрқашанда биік болсын.

,