2026 жылдың 28 маусымы мен  8 шілдесі аралығында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор  Оразгүл Хасенқызы Мұхатова мен кіші ғылыми қызметкер Марыс Қадылбек AR26194453 «XVI ғасырдың соңы – XVIII ғасырдағы Қазақстанның сыртқы саясаты тарихының беймәлім беттері (шетелдік архив материалдары негізінде)» атты ғылыми жоба аясында Түркия Республикасында ғылыми іссапарда болды

Ғылыми іссапардың негізгі мақсаты Түркияның архивтік және қолжазба қорларында сақталған XVII–XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы саясаты мен халықаралық байланыстарына қатысты архив құжаттары мен тарихнамалық деректерді жинақтау және жүйелеу.

Іссапар барысында Түркия Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік архивтер басқармасының Османлы архивінде және Сүлеймен кітапханасында кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Архив қорларымен жұмыс нәтижесінде Қазақ хандығының сыртқы саясаты, қазақ билеушілерінің көрші мемлекеттермен дипломатиялық байланыстары, Орталық Азия хандықтарының халықаралық қатынастары, Осман мемлекетінің Қазақ хандығы, Бұхара, Хиуа, Қырым және басқа да өңірлермен қарым-қатынасына қатысты құжаттар анықталды. Жоба тақырыбы бойынша XVIII ғасырда жарық көрген шығармалардың, заманауи трихнамалық деректердің электрондық көшірмелері алынды. Анықталған архив құжаттары мен материалдар кешенді түрде зерттеліп, ғылыми айналымға енгізіледі.

,