2026 жылғы 13 шілдеде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Ресей Ғылым академиясы Қалмақ ғылыми орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Владимир Толтаевич Тепкеевпен кездесу өтті

Кездесу барысында Еуразия көшпенділерінің тарихын зерттеу, архивтік деректермен жұмыс, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар халықаралық Scopus деректер базасына енетін ғылыми журналдарға мақала жариялау талаптары, ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыру және халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ресей Ғылым академиясының Қалмақ ғылыми орталығы бірнеше жылдан бері ғылыми байланыстарды дамытып келеді. Ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіліп, ғылыми мақалалар жарияланып, тәжірибе алмасу жүзеге асырылып, халықаралық ғылыми конференцияларға бірлесіп қатысу дәстүрге айналған.

Владимир Толтаевич Тепкеев – Қалмақия, ойраттар және Орталық Азия көшпенділері тарихын зерттеуші жетекші ғалымдардың бірі. Оның ғылыми еңбектері Қалмақ хандығының тарихына, XVIII ғасырдағы орыс-қалмақ қатынастарына және Еуразия даласының архивтік деректеріне арналған.

Кездесу Қазақстан мен Ресей ғалымдары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

,