2026 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстандағы әлеуметтік саясат эволюциясы: тарихи трансформациялар, кеңестік мұраның ықпалы және посткеңестік реформалар (ХХ ғасырдың 20–80-жылдары)» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті
. Ғылыми іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, оған еліміздің жетекші ғалымдары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, архив мамандары, докторанттар мен жас зерттеушілер қатысты.
Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобасы «Қазақстандағы әлеуметтік саясат тарихи динамикада (ХХ ғасырдың 20–80-жылдары)» (АР23490001) аясында ұйымдастырылды.
Конференцияның ашылуында Институттың Бас директоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстандағы әлеуметтік саясат тарихын кешенді түрде зерттеудің маңыздылығына тоқталды. Ол кеңестік кезеңдегі әлеуметтік саясаттың тарихи тәжірибесін ғылыми тұрғыдан зерделеу бүгінгі қоғамдық үдерістерді түсінуге және тарихи сананы қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Пленарлық мәжілістің модераторлары ретінде Институт Бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шамек Баянұлы Тілеубаев және Институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Айжан Тоқанқызы Қапаева қызмет атқарды.
Конференция барысында ХХ ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік саясатының қалыптасуы мен дамуына арналған өзекті ғылыми баяндамалар ұсынылды.
Алғашқы баяндаманы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зауреш Ғалымжанқызы Сақтағанова жасап, Степлагтағы әйел тұтқындардың саны мен олардың өмір сүру жағдайларын тарихи деректер негізінде талдады.
Институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Айжан Тоқанқызы Қапаева «Қазақстан өңірлеріндегі этностық бірегейлікті қалыптастырудағы әлеуметтік саясаттың рөлі» тақырыбында баяндама жасап, әлеуметтік саясаттың этностық қатынастар мен қоғамдық даму үдерістеріне ықпалын тарихи тұрғыдан саралады.
Yessenov University профессоры, саяси ғылымдарының докторы Киікбай Мыңбайұлы Жаулин Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың эволюциясы, тарихи трансформациялар, посткеңестік реформалар және кеңестік мұраның ықпалы жөнінде баяндама жасады.
Институттың бас ғылыми қызметкері, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Сайын Молдағалиұлы Борбасов Алаш қозғалысының әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын қалыптастырудағы тарихи рөлін жан-жақты талдап өтті.
Институттың жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Гүлнар Қайроллиқызы Мұқанова 1925–1934 жылдардағы Қазақстан баспасөзіндегі карикатуралардың әлеуметтік саясат құралы ретінде қолданылуына арналған зерттеу нәтижелерін ұсынды. Ал жетекші ғылыми қызметкер Дидар Бейсенғалиқызы Қасымова кеңестік-қытай шекарасындағы көші-қон үдерістері мен олардың Қазақ КСР-інің қоғамдық қауіпсіздігіне әсеріне тоқталды.
ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры Сәуле Қарибайқызы Удербаева кеңестік қоғамды зерттеудегі әлеуметтік саясат тұжырымдамасының Қазақстан тарихын зерделеудегі мүмкіндіктерін қарастырса, Институттың жетекші ғылыми қызметкері Салтанат Әмірғалиқызы Асанова тың игеру науқанының КСРО-дағы азық-түлік мәселесін шешудегі орнына тарихи баға берді.
Конференцияның екінші бөлімінде Қазақстан қоғамының әлеуметтік құрылымы, Адай округіндегі әлеуметтік өзгерістер, кәсіподақ қозғалысының қалыптасуы, урбандалу үдерістері, Қазақстандағы көлік инфрақұрылымының дамуы, Семей ядролық сынақ полигоны аймағындағы әлеуметтік саясат, ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы білім беру жүйесінің дамуы, әлеуметтік желілердің қоғамдағы рөлі және көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау саясаты сияқты өзекті мәселелерге арналған баяндамалар тыңдалды.
Ғылыми пікірталас барысында қатысушылар Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың тарихи тәжірибесін зерделеу қазіргі заманғы қоғамдық үдерістерді түсіну үшін ғана емес, тарихи жадыны сақтауда, әлеуметтік реформалардың сабақтастығын бағалауда және жаңа ғылыми бағыттарды дамытуда маңызды екендігін атап өтті.
Конференция қорытындысы бойынша ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізу және конференция материалдарын арнайы ғылыми жинақ ретінде жариялау жөнінде шешім қабылданды. Ғылыми форум әлеуметтік саясат тарихын зерттеу саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналып, отандық тарих ғылымының дамуына жаңа серпінберді.




