Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты институттың ғылыми қызметкері Оралова Ақнұр Амангелдіқызының «Қожаберген батыр Жәнібекұлы» атты монографиясын жарыққа шығарды (Алматы: «TURAN» баспасы, 2026. – 232 б. ISBN 978-601-80679-4-5)
Монография XVIII ғасырдағы көрнекті қазақ батыры Қожаберген Жәнібекұлының өмірі мен қызметіне арналған. Автор архивтік құжаттар, шежірелік деректер және ауызша тарих материалдары негізінде батырдың Қазақ даласының аумақтық тұтастығын қорғаудағы рөлін, әскери және дипломатиялық қызметін жан-жақты зерделеп, оның көрші мемлекеттермен және халықтармен қарым-қатынастағы қызметін ғылыми тұрғыдан талдайды.
Еңбектің ғылыми құндылығын Ресей Федерациясының архивтерінде сақталған Қожаберген батырға тікелей қатысты 43 архивтік құжаттың ғылыми айналымға енгізілуі айқындай түседі. Бұл материалдар XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихының деректік қорын толықтыруға маңызды үлес қосады.
Монография Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Ғылыми кеңесінің 2026 жылғы 23 сәуірдегі №3 хаттамасы негізінде баспаға ұсынылған. Басылымның ғылыми редакторы – ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е. Қабылдинов.
Монографияның жарық көруі Қазақстан тарихын зерттеу мен ұлттық тарихи-мәдени мұраны насихаттауға қосылған маңызды ғылыми еңбек болып табылады. Авторды ғылыми еңбегінің жарық көруімен құттықтап, алдағы ғылыми ізденістеріне толағай табыс тілейміз!

