2026 жылғы 13 тамызда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының «Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің перспективті бағыттары» тақырыбындағы кеңейтілген отырысы өтті
«Ғылым ордасында» өткен жиынға ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, академиялық қауымдастық өкілдері, сондай-ақ Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихын, археологиясын, этнологиясын, фольклорын, генетикасын және басқа да бағыттарын зерттейтін ғалымдар қатысты.
Кеңейтілген отырысқа Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев модераторлық етті. Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Ақылбек Күрішбаев алғы сөз сөйледі.
Кездесудің негізгі тақырыбы Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері мен алдағы перспективаларын талқылауға арналды. Ұсынылған баяндамаларда Алтын Орда тарихының түрлі аспектілері, археологиялық зерттеулер, фольклорлық мұра және пәнаралық әдістерді қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.
Отырыстың ғылыми бөлімінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Білім және қоғамдық даму ғылымдар орталығының басшысы Жеңісбек Төлен «Жошы Ұлысын зерттеудің басым бағыттары мен перспективасы» тақырыбында баяндама жасады. Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитов «Золотоордынские исследования в Казахстане в XIX–XXI веках» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас директоры Кенжехан Матыжанов «Алтын Орда дәуірі және қазақ фольклоры» тақырыбында баяндама жасаса, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Бас директоры Ақан Оңғарұлы Жошы Ұлысы археологиясын пәнаралық зерттеудің жаңа ғылыми бағыттарын таныстырды.
Отырыс жұмысына Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты да қатысты. Институттың Бас директоры, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Зиябек Қабылдинов «Алтын Орда тарихын зерттеудің кейбір мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндамалардың тақырыптары Жошы Ұлысын қазіргі заманғы зерттеулердің кешенді сипатын көрсетті. Саяси және әлеуметтік тарих мәселелерімен қатар археологиялық ескерткіштер, мәдени мұра және жаратылыстану ғылымдарының әдістерін қолдану мүмкіндіктері қарастырылды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультетінің археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Мадияр Елеуов «Ортағасырлық Қышқала – Алтын Орда дәуірінің мәдени орталығы» тақырыбында баяндама жасады. Ұлттық биотехнология орталығының адам генетикасы зертханасының меңгерушісі, PhD, профессор Мақсат Жабағин «Алтын Орда шежіресін зерттеудегі Y хромосомасының генетикалық талдауы» тақырыбындағы зерттеуін ұсынды.
Осылайша, отырыс бағдарламасы тарихи, археологиялық, фольклортанулық және генетикалық зерттеу бағыттарын бір ғылыми алаңда тоғыстырды. Пәнаралық тәсіл әртүрлі дерек түрлерін өзара салыстырып, Жошы Ұлысы мен Алтын Орда тарихына қатысты зерттеу базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Талқыланған мәселелер қатарында жазба және археологиялық деректермен жұмысты жалғастыру, тарихи географияны, қалалық орталықтар мен Алтын Орда кезеңінің мәдени мұрасын зерттеу бағыттары да қамтылды. Бұл бағыттар ортағасырлық кезеңде Қазақстан мен Еуразия аумағында жүрген саяси, әлеуметтік және мәдени үдерістерді жан-жақты зерттеуге мүмкіндік береді.
Отырыстың ғылыми бөлімі жалпы пікірталас және қорытындылаумен аяқталды.
Кеңейтілген отырыс түрлі ғылыми ұйымдар мамандарының зерттеу нәтижелерін таныстыруға және Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын одан әрі зерттеудің перспективті бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қатысуы Алтын Орда тарихы мен Қазақстанның ортағасырлық тарихының өзекті мәселелеріне арналған ортақ ғылыми пікірталастың бір бөлігі болды.








