2026 жылғы 23–30 тамыз аралығында Өзбекстан Республикасында Жас тарихшылардың халықаралық V жазғы оқулары өтті

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжан мемлекеттерінің жас тарихшыларын бір алаңға тоғыстырған бұл халықаралық ғылыми іс-шараға Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жас зерттеушілері Е. Куркеев, М. Қайрат және Ж. Бакирова қатысты.

Жазғы оқулардың басты мақсаты – жас тарихшылар арасында ғылыми тәжірибе алмасуды дамыту, зерттеушілер арасындағы кәсіби байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихымыздың әртүрлі мәселелерін бірлесіп талқылау болды.

Бағдарлама бойынша ғылыми баяндамалар, пікірталастар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің зерттеу бағыттарын таныстырды. Жас ғалымдар тарих ғылымындағы жаңа зерттеу тәсілдері, тарихи деректермен жұмыс істеу, ортақ тарихи-мәдени мұраны зерделеу мәселелері бойынша пікір алмасты.

Халықаралық басқосу аясында Әзербайжан және Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, жас зерттеушілердің өзара байланысын арттыруға және болашақтағы бірлескен ғылыми жобалардың бағыттарын айқындауға ерекше мән берілді.

Мұндай халықаралық жазғы оқулар жас ғалымдар үшін тек білім мен тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар жаңа ғылыми байланыстар орнатып, әріптестік қарым-қатынасты қалыптастыратын маңызды орта болып табылады. Түрлі елдерден келген жас зерттеушілердің басын қосу – Орталық Азиядағы тарихи зерттеулердің өзара ықпалдастығын арттыруға және ортақ ғылыми мәселелерді бірлесе зерделеуге мүмкіндік береді.

Жазғы оқулар барысында алған жаңа білім мен тәжірибе жас зерттеушілердің кәсіби дамуына серпін беріп, алдағы ғылыми ізденістерінде маңызды болатындығына сенімдіміз.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми кеңістікке белсенді араласуын, олардың ғылыми әлеуетін арттыруды маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырады.

Жас зерттеушілерге осындай халықаралық деңгейдегі ғылыми іс-шараларға қатысып, тәжірибе жинақтауға және кәсіби орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отырған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры З.Е. Қабылдиновқа зор алғысымызды білдіреміз!

Осындай қолдау мен сенім – жас ғалымдардың ғылыми ізденісіне жаңа серпін беріп, олардың халықаралық ғылыми ортада өз орнын қалыптастыруына үлкен мүмкіндік береді деп сенеміз!

,