2026 жылғы 9 қыркүйекте Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Қазақстан тарихын зерттеумен айналысатын белгілі америкалық ғалым Ян Кэмпбеллмен кездесу өтті

Іс-шара аралас форматта ұйымдастырылып, қатысушылар офлайн және Zoom платформасы арқылы онлайн режимде қатысты.

Кездесудің басында Институттың бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов «Жаңа Есіл шебінің салынуы» тақырыбында баяндама жасады.

Ян Кэмпбелл АҚШ-тағы қазақстантанудың қалыптасуы мен дамуы туралы баяндама жасады. Ғалым 1991 жылдан кейін осы салада орын алған өзгерістерге, қазіргі зерттеу бағыттары мен саланың даму келешегіне тоқталды.

Ян Кэмпбелл — Дэвистегі Калифорния университетінің доценті. Ол XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы Ресей империясының, Орталық Азия мен Кавказдың тарихын зерттейді.

Ғалымның зерттеулерінде Қазақстан тарихы ерекше орын алады. Оның Санкт-Петербург, Мәскеу және Алматы архивтерінде сақталған деректер негізінде жазылған «Империя туралы білім және оның шет аймақтары: қазақ делдалдары және Ресейдің Даланы басқаруы (1731–1917)» атты монографиясы ғылыми ортаға кеңінен танымал.

Еңбекте Ресей әкімшілігінің Қазақ даласы туралы түсінігінің қалыптасу үдерісі қарастырылады. Сонымен қатар қазақ ағартушылары, әкімшілері мен делдалдарының, соның ішінде Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсариннің Ресей империясының Қазақ даласын басқару жүйесіндегі рөлі ашып көрсетіледі.

Баяндамалардан кейін сұрақ-жауап бөлімі ұйымдастырылды. Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Орталық Азия тарихын зерттеу, архив деректерімен жұмыс істеу және тарихи зерттеулерде заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану мәселелерін, сондай-ақ ғылыми ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

,