2026 жылғы 14 қыркүйекте Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Жас ғалымдар кеңесінің ұйымдастыруымен белгілі америкалық тарихшы, Мэриленд университетінің профессоры Сара Кэмеронмен кездесу өтті
Сара Кэмерон – Қазақстан тарихын, оның ішінде қазақ даласындағы ашаршылық мәселесін зерттеуге елеулі үлес қосқан ғалым. Оның «Аштық жайлаған дала: ашаршылық, зорлық-зомбылық және кеңестік Қазақстанның құрылуы» атты еңбегі Қазақстандағы кеңестік кезеңнің әлеуметтік-саяси өзгерістері мен 1931–1933 жылдардағы ашаршылықтың себептері мен салдарын халықаралық ғылыми қауымдастыққа кеңінен танытты.
Кездесу барысында Қазақстан тарихының өзекті мәселелері, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы әлеуметтік-саяси үдерістер, 1931–1933 жылдардағы ашаршылық тарихы, сондай-ақ осы кезеңді зерттеудің жаңа бағыттары мен дереккөздерді пайдалану тәсілдері талқыланды.
Институт ғалымдары мен америкалық зерттеуші ғылыми ізденістердің нәтижелері, архив құжаттарымен жұмыс істеу, ауызша тарих материалдарын пайдалану және Қазақстан тарихының күрделі кезеңдерін зерделеудегі халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызы жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында Институтта ашаршылық тақырыбы бойынша естеліктер мен тарихи материалдарды жинақтап, 20 томдық басылым әзірлеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Бұл ауқымды ғылыми жоба Сара Кэмеронның ерекше қызығушылығын тудырды.
Тараптар тарихи деректерді кешенді зерттеу, ғылыми тәжірибе алмасу және халықаралық академиялық байланыстарды одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар алдағы уақытта Scopus дерекқорына индекстелетін ғылыми журналдарда бірлескен мақалалар жариялау мүмкіндіктері талқыланды. Екі мекеме арасында ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мәселесін қарастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мұндай кездесулер отандық тарих ғылымының халықаралық ғылыми кеңістікпен ықпалдастығын нығайтып, ғалымдар арасындағы кәсіби байланысты кеңейтуге және Қазақстан тарихын әлемдік академиялық ортада тереңірек танытуға ықпал етеді.



