2026 жылғы 18 қыркүйекте Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Вашингтон университетінің (АҚШ) оқытушы-профессоры, Түркі және Орталық Еуразияны зерттеу бағдарламасының директоры Талант Мауқанұлымен кездесу өтті. Іс-шара аралас форматта ұйымдастырылып, қатысушылар офлайн және Zoom платформасы арқылы онлайн қатысты

Қонақты Институттың бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов қарсы алды.

Талант Мауқанұлы — PhD, түркітану, әлеуметтік-мәдени лингвистика және Орталық Еуразияны зерттеу салаларының маманы. Ғалымның зерттеулері Орталық Еуразия мен Қытайдағы түркі тілдерін әлеуметтік және мәдени тұрғыдан зерделеуге, тілдерді құжаттау мен сипаттауға, шағатай тіліндегі мұрағаттық қолжазбаларды зерттеуге, лингвистикалық антропологияға, сондай-ақ жойылу қаупі бар және қолданыс аясы шектеулі тілдер мәселесіне арналған.

Кездесу барысында профессор ғылыми қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды. Институт қызметкерлері де өздерінің зерттеу бағыттары мен ғылыми нәтижелері бойынша таныстырылымдар жасады.

Қатысушылар түркі тілдерін зерттеу, Орталық Еуразия халықтарының тарихи-мәдени мұрасы және лингвистикалық антропологиядағы заманауи ғылыми тәсілдер жөнінде пікір алмасты. Кездесу соңында ұсынылған баяндамалар мен таныстырылымдар бойынша талқылау өтті.

,