2026 жылғы 17–19 қыркүйек аралығында Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бас директорының халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Жеңіс Жомарт Жеңісұлы Түркияның Конья қаласында жұмыс сапарымен болды
17–18 қыркүйекте ғалым «Моңғолдар дәуіріндегі Анадолы және ислам әлемі: ұлы оқиғалар, көрнекті тұлғалар және ауқымды өзгерістер ғасыры» атты халықаралық симпозиумға қатысты. Ғылыми іс-шараны Селчук университетінің Селжұқтану институты ұйымдастырды.
Симпозиумға Қазақстан, Моңғолия, Корея Республикасы, Өзбекстан, Әзербайжан, Иран, Мысыр, Иордания және Ұлыбританияны қоса алғанда, 11 елден 63 зерттеуші қатысты. Қатысушылар Моңғол дәуірінің тарихын және оның Анадолы, Орталық Азия мен ислам әлемінің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына тигізген ықпалын талқылады.
Ғылыми бағдарлама аясында тарих, археология, сәулет, өнертану, экономика тарихы, дінтану, философия, әдебиет және сопылық мәселелері қарастырылды. Әскери-саяси күйзелістерге ғана емес, халықтар арасындағы өзара ықпалдастықтың күшеюіне, көші-қон үдерістеріне, білім мен мәдени дәстүрлердің таралуына да әсер еткен XIII ғасырдағы тарихи үдерістерге ерекше назар аударылды.
Жеңіс Жомарт Жеңісұлы «Отырар қорғанысы: діни, саяси және этникалық маңызы» тақырыбында баяндама жасады. Зерттеуші өз баяндамасында Отырар қорғанысының тарихи маңызын, оның моңғол шапқыншылығы кезеңіндегі оқиғалардан алатын орнын, сондай-ақ қарсылықтың этносаяси және рухани-діни қырларын қарастырды. Баяндама XIII ғасырдағы өзгерістер аясында Орталық Азия тарихын талқылауға маңызды үлес қосты.
Жұмыс сапары барысында Селчук университетінің Селжұқтану институты өкілдерімен кездесулер өтті. Тараптар ғылыми ынтымақтастықтың перспективаларын, бірлескен зерттеулер мен конференциялар өткізуді, сондай-ақ ғылыми материалдар алмасу мәселелерін талқылады.
Симпозиум қорытындысы бойынша әртүрлі елдердің ғылыми орталықтары мен университеттерін таныстырған шетелдік зерттеушілермен кәсіби байланыстар орнатылды.



