2026 жылғы 19–23 қыркүйек аралығында Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихы бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Константин Владимирович Черепанов Ұлытау облысында жұмыс сапарымен болды

Сапар AP23488712 «Тәуелсіз Қазақстанның шағын және моноқалаларының күнделікті өмірі (Шығыс өңірінің мысалында)» гранттық қаржыландыру жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Іссапардың мақсаты Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстанның шағын және моноқалалары тұрғындарының күнделікті өміріне қатысты архив құжаттарын, статистикалық материалдарды, фотосуреттерді және басқа да дереккөздерді іздеу және зерттеу болды. Жезқазған және Сәтбаев қалаларының әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дамуын сипаттайтын материалдарға ерекше назар аударылды.

21 қыркүйекте Константин Владимирович Черепанов Ұлытау облысының мемлекеттік архивінде өткен «Архив және болашақ ұрпақ» ашық есік күні аясындағы салтанатты жиынға қатысты. Іс-шара архив мұрасын насихаттауға, тарихи жадты сақтауға және жас ұрпақты Қазақстан тарихына қатысты құжаттық дереккөздермен таныстыруға арналды.

Сапар барысында өңірдегі архив және музей мекемелерінің басшыларымен кездесулер өткізілді. Іссапардың басты нәтижесі ынтымақтастық туралы үш меморандумға қол қойылуы болды.

Ұлытау облысының мемлекеттік архиві» КММ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға мекеме директоры Бақытбек Сейітқазыұлы Төрежановпен бірге қол қойылды.

Сәтбаев қаласында «Сәтбаев қаласының мемлекеттік архиві» КММ директоры Аян Әшімұлы Жиңгілбаевпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Институт атынан архив директорына «Ұлытау облысының тарихы» атты құжаттар жинағы сыйға тартылды.

Үшінші меморандум Ұлытау облысының көрме залы бар тарихи-археологиялық музейінің директоры Зағира Шоринқызы Қалменовамен жасалды. Музейге барған кезде Константин Владимирович Черепанов Жезқазған өңірінің тарихына, тау-кен өнеркәсібінің дамуына және өлке тұрғындарының күнделікті өміріне арналған экспозициялармен және қор материалдарымен танысты.

Қол қойылған меморандумдар бірлескен ғылыми-зерттеу және ағартушылық жұмыстарды жүзеге асыруды, материалдар алмасуды, зерттеушілерге архив және музей қорларын зерделеуге жәрдем көрсетуді, ғылыми іс-шаралар өткізуді және бірлескен жарияланымдар дайындауды көздейді.

Сапар жоба аясындағы дереккөздер қорын кеңейтуге, жаңа кәсіби байланыстар орнатуға және Институттың Ұлытау облысындағы архив және музей мекемелерімен ынтымақтастығының алдағы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.