2026 жылғы 2 қазанда Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Қазақстандағы демографиялық үрдістердің тарихы мен өзекті мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Конференция аралас форматта ұйымдастырылды: қатысушылардың бір бөлігі Алматы қаласында офлайн баяндама жасаса, шетелдік және өңірлік зерттеушілер Zoom платформасы арқылы онлайн қосылды. Ғылыми басқосуға Қазақстан, АҚШ, Франция, Моңғолия, Түркия, Тәжікстан, Өзбекстан, Жапония және Қырғызстанның жас ғалымдары мен зерттеушілері қатысты.

Іс-шараны Институттың Жас ғалымдар кеңесі ЖТН AP22785742 «Қазақстан Республикасының демографиялық дамуының қазіргі заманғы тенденциялары (1991–2021 жж.)» гранттық қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырды.

Конференцияның ашылуында Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов қатысушыларға құттықтау сөз арнады. Ол жас зерттеушілерді қолдаудың, ғылыми байланыстарды кеңейтудің және халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Конференцияға Институттың жетекші ғылыми қызметкері, PhD, қауымдастырылған профессор Тимур Әкімханұлы Апендиев пен Институттың ғылыми қызметкері, Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Фархат Рашидұлы Лебаев модераторлық етті.

Ғылыми басқосуда халық санының өзгеруі, табиғи өсім, көші-қон, урбанизация, демографиялық қауіпсіздік және мемлекеттік демографиялық саясат мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан мен шетелдердің демографиялық тарихына арналған зерттеулер таныстырылды.

Тимур Апендиев «Қазақстанның демографиялық дамуының қазіргі тенденциялары: тарихи сабақтастық және жаңа үдерістер» тақырыбында баяндама жасады. Институттың Тарихи демография бөлімінің меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер, PhD Қуаныш Мәдиұлы Мурзаходжаев тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан халқының табиғи өсімін талдады.

Шетелдік зерттеушілердің баяндамалары да ерекше қызығушылық тудырды. Индиана университетінің докторанты Даниил Каботянский XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың басында Ресей және Цин империяларының кеңеюіне жергілікті қазақ халқының көзқарасы туралы баяндады. Париж 1 Пантеон-Сорбонна университетінің магистранты Эван Камю 1880–1917 жылдардағы Жетісу теміржол қоғамы мен Түркістандағы француз қаржы капиталының рөлін қарастырды.

Моңғолиядан келген Алтынбек Тоқтарбайұлы 1940–1990 жылдардағы Баян-Өлгий аймағындағы қазақ халқының демографиялық дамуына арналған зерттеуін таныстырды. Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының ғылыми қызметкері Акбар Субхонов халықтың өңірлер бойынша орналасуындағы теңгерімсіздік пен оның демографиялық қауіпсіздікке әсеріне тоқталды. Түркиялық зерттеуші Жиһан Ялвар қыпшақтардың батысқа қарай қоныс аударуын тарихи-демографиялық тұрғыдан талдады.

Қазақстандық ғалымдардың баяндамалары көші-қон, урбанизация, жастардың оқу миграциясы, отбасылық байланыстар және қалалардың демографиялық кеңістігіндегі өзгерістерге арналды. Сондай-ақ Қазақстандағы Академиялық орталықтың құрылу тарихы, елдің әлеуметтік-экономикалық және этномәдени дамуы, зиярат орындарының туристік кеңістікке айналуы туралы мәселелер қозғалды.

Токио шет тілдері университетінің зерттеушісі, жапонтанушы-тарихшы, PhD Олжас Бекенұлы Қуанбай Мэйдзи дәуірінің архивтік құжаттары негізінде XIX ғасырдағы Жапонияның демографиялық жүйесінің ерекшеліктері туралы баяндады.

Конференция аясында «Қазақстан Республикасының демографиялық дамуының қазіргі заманғы тенденциялары (1991–2021 жж.)» атты монографияның тұсаукесері өтті. Еңбекті Тимур Апендиев, Нұрлан Абдукадыров және Қуаныш Мурзаходжаев дайындаған.

Монографияда тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның демографиялық дамуы жан-жақты қарастырылған. Авторлар халық санының өзгеруін, табиғи өсімді, көші-қон мен урбанизацияны, этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуын және олардың әлеуметтік бейімделуін, сондай-ақ ауыл халқының демографиялық жағдайын талдаған.

Конференция жас ғалымдарға зерттеу нәтижелерін таныстыруға, пікір алмасуға және жаңа ғылыми байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Ғылыми басқосу қорытындысы бойынша қарар қабылданып, шетелдік баяндамашыларға қатысушы сертификаттары табысталды.