2026 жылғы 2 қазанда Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «XVIII–XIX ғасырлардағы Ертіс өңірі: тарихы және әлеуметтік-экономикалық үдерістер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Конференция офлайн және онлайн форматта өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің AP26104261 «Ертіс он шақырымдық белдеуінің құрылу тарихы және оны қайтару үшін қазақтардың күресі (1765–1921 жж.)» атты гранттық қаржыландыру жобасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Конференция қатысушыларына Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдинов құттықтау сөз сөйледі.

Конференцияға Зиябек Қабылдинов пен Институт Бас директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ержан Мұратұлы Торайғыров модераторлық етті.

Ғалымдар Ертіс өңірінің тарихы, қазақтардың Ертістің оң жағалауындағы жерлерді қайтару жолындағы күресі, әскери бекіністердің салынуы, қазақ-орыс сауда қатынастары және Ресей империясының қоныс аудару саясаты мәселелерін талқылады.

Зиябек Қабылдинов XIX ғасырдың 40–60-жылдарындағы қазақ хандары мен сұлтандарының Ертістің оң жағалауын сақтап қалу жолындағы күресі туралы баяндама жасады. Институттың бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жеткергенұлы Абдиров XVIII–XIX ғасырлардағы Сібір казак әскерінің тарихына тоқталды.

Академик Б. Ғафуров атындағы Худжанд мемлекеттік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Фахриддин Алланазарұлы Назаров XIX ғасырдың ортасындағы Ресей империясының Орталық Азияны жаулап алу жоспарларының Тәжікстан тарихнамасында көрініс табуын қарастырды.

Ержан Торайғыров өз баяндамасын XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы зерттеушілердің еңбектеріндегі Ертіс он шақырымдық белдеуінің тарихына арнады. Сондай-ақ конференция аясында ол мұрағат құжаттары жинағын таныстырды.

Қарақалпақстан гуманитарлық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, PhD Азиз Тұрғанбайұлы Сапарниязов XVIII ғасырдағы қарақалпақ қоғамының әлеуметтік құрылымына тарихи-талдамалық шолу жасады.

Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Жоламанұлы Қабдушев XVIII ғасырдың басында Ертіс бойында әскери бекіністердің салынуы туралы баяндады.

Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты қызметкерлерінің зерттеулері өңір тарихының түрлі қырларын қамтыды. Институттың аға ғылыми қызметкері, PhD Ақнұр Амангелдіқызы Оралова Қожаберген батыр және Ертіс шебіндегі қазақ-орыс сауда қатынастары туралы баяндама жасады.

Институттың жетекші ғылыми қызметкері, PhD Ақмарал Рашидқызы Бейсембаева Уәли хан билік құрған кезеңдегі Ертіс алабын, Орта жүз қазақтарының көшіп-қонуы мен өзеннің оң жағалауына өту үдерістерін қарастырды.

Институттың кіші ғылыми қызметкері Анар Советханқызы Тылахметова Әбілмәмбет хан мен Әбілпейіз сұлтанның Ертіс өңіріндегі қызметінің негізгі ерекшеліктеріне тоқталды.

Кіші ғылыми қызметкер Марыс Қадылбектің баяндамасы Қара Ертіс өңіріндегі қазақтардың ықпалы мен Зайсан көлінің тарихи атауына арналды.

Әлеуметтік ғылымдар магистрі, кіші ғылыми қызметкер Асхат Жүнісұлы Тойбаев XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басындағы Ресей империясының Жетісу және Ертіс өңірлеріндегі қоныс аудару саясатына салыстырмалы талдау жасады.

Ұсынылған баяндамалар XVIII–XIX ғасырларда Ертіс өңірінде орын алған саяси, әлеуметтік және экономикалық үдерістерге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Конференция соңында қатысушылар пікір алмасып, өңір тарихын зерттеудің алдағы бағыттарын талқылады.